• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астанада жыл сайынғы «Парыз» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды (ФОТО)

Астанада жыл сайынғы «Парыз» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды (ФОТО)

11 Желтоқсан, 2015 14:32
Астанада ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың қатысуымен жыл сайынғы «Парыз» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Биыл байқауға республиканың барлық өңірінен 541 кәсіпорын қатысты.

Аймақтардан келіп түскен өтінімдердің басым көпшілігі Шығыс Қазақстан облысынан болды - 57. Қарағанды және Павлодар облыстарынан сәйкесінше 56 және 53 өтінім қабылданды.

Байқауға қатысушылар өтінімінің басым бөлігі (264 кәсіпорын) «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясына келіп түсті. Аталған номинация бойынша үміткерлердің өз қызметкерлерін қолдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік бейімдеу, жалпы қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру қызметі бағаланды.

100 кәсіпорын «Үздік ұжымдық шарт» номинациясына қатысуға өтінім білдірді. Бұл номинация бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын нығайтатын жұмыс берушілердің іс-әрекеттері бағаланды.

«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясына 79 үміткер қатысты. Аталған номинацияда еңбек кызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қарастырылды.

«Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша 98 өтінім қаралды. Бұл номинацияда қоршаған орта жағдайын жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі бағаланды.

Биыл байқаудың Бас жүлдесіне жұмыста, сонымен қатар, корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда анағұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізген «Самұрық Энерго» АҚ ие болды. Жеңімпазға жоғарғы марапатты Мемлекет басшысы тапсырды.

«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша Қызылорда облысының өкілдері – ірі кәсіпкерлік субъектілер арасында «Саутс-ойл» ЖШС, сонымен қатар, орта және кіші кәсіпкерлік субъектілері арасында «Абзал және К» ТС жеңіске жетті.

«Үздік ұжымдық шарт» номинациясында ірі кәсіпкерлік субъектілер арасында Ақтөбе облысының «Ақбұлақ» АҚ, орта және кіші кәсіпкерлік субъектілері арасында Павлодар облысынан «Мойылды шипажайы» АҚ жеңімпаз атанды.

«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясында көшбасшы ретінде Жамбыл және Атырау облыстарының қатысушылары анықталды. Ірі кәсіпкерлік субъектілер арасында АО «Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭСі» АҚ, орта және кіші кәсіпкерлік субъектілері арасында сәйкесінше «Каспиан Салфа Компани» ЖШС жеңімпаз болды.   

«Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілер арасында Шығыс Қазақстан облысының «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ, орта және кіші кәсіпкерлік субъектілері арасында Қарағанды облысының «ГорКомТранс» ЖШС үздік атанды.

Суретке түсірген Бауыржан Жуасбаев

Барлық жаңалықтар