• Басты
  • Жаңалықтар
  • Премьер-Министр С.Ахметов Шығыс Қазақстан облысының кәсіпорындарын аралады

Премьер-Министр С.Ахметов Шығыс Қазақстан облысының кәсіпорындарын аралады

11 Қаңтар, 2013 00:00
ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов түстен кейін Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарын жалғастырды.


Зырян қаласында С.Ахметов тігін өндірісімен және металл конструкцияларын жасаумен айналысатын бірқатар кәсіпорынды аралап, шағын және орта бизнестің дамуымен танысты.
Үкімет басшысы өз сөзінде, Зырянда шағын және орта кәсіпорындарды қолдаудың және оларды дамытудың маңызы зор екенін атап көрсетті, себебі бұл міндет Моноқалаларды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының басымдықтарының бірі болып табылады   (Зырян аталмыш Бағдарлама аясында бекітілген 27 моноқаланың қатарына кіреді).
Премьер-Министр сондай-ақ  қала құрушы кәсіпорындардың бірі болып табылатын «Қазмырыш» ЖШС-нің кен байыту фабрикасында болды. Бұл фабрикада полиметалл рудалары өңделеді және түрлі концентраттар шығарылады.
Ал Глубокое ауданының Бобровка селосында С.Ахметов «Бобровка+» серіктестігінің тауарлы-сүт фермасына ат басын тіреді. Өткен жылдың тамыз айында іске қосылған бұл ферма автоматтандырылған басқару жүйесін  қолдануға және сауын сиырлар табынын жыл бойы бокста ұстауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жарақталған.
Премьер-Министр сондай-ақ, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің даму барысымен және бірқатар перспективалық жобалармен таныстырылды.
Өскеменде Үкімет басшысы «Шығысмашзауыт» АҚ-ның жаңа шойын құю цехында болып, ондағы өндіріс технологиясымен, өндірістік бағдарламаның барысымен және зауыттың даму перспективасымен танысты.
Үкімет басшысы сапар аясында сондай-ақ С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік унивеорситетінде болды. Онда ҮИИД, «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020 және т.б. мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы таныстырылған көрме ұйымдастырылды.
Премьер-Министр сапар қорытындысы бойынша облыс активімен кеңес өткізіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды. С.Ахметов уәкілетті органдарға кеңес қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. 
 

Барлық жаңалықтар