• Басты
  • Жаңалықтар
  • Алматылықтар айтқан ұсыныстар «Алматы 2020» Бағдарламасының соңғы нұсқасында толығынан ескерілді – әкімдік

Алматылықтар айтқан ұсыныстар «Алматы 2020» Бағдарламасының соңғы нұсқасында толығынан ескерілді – әкімдік

9 Желтоқсан, 2015 11:39
Алматы әкімдігінде «Алматы 2020» даму Бағдарламасын талқылау жөнінде жұмысшы тобынының қорытынды жиыны өтті, деп хабарлады қала әкімдігі.

Бағдарлама жобасы көпшіліктің талқылауына ұсынылып, қала тұрғындарының толықтырулары, ұсыныстары мен тілектері ескерілді.

Мысалы, бір ай көлемі ішінде Бағдарлама жобасын талқылауға байланысты азаматтық қоғам, кәсіподақтар мен салалық ұйымдар өкілдерімен, екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары, білім мен денсаулық сақтау салалары, БАҚ басшыларымен, блогерлермен, «Болашақ» бағдарламасы түлектерімен, мәдениет, спорттық қоғамдастықтар қайраткерлерімен, сарапшылармен, ірі өндіріс орындарының басшыларымен, кіші және орта бизнес өкілдерімен, ЖОО-ның ректорларымен, жастармен, этномәдени бірлестіктер жетекшілерімен, зейнеткерлермен,ПИК-мен және басқалармен кездесулер ұйымдастырылды.

«Сараптама көрсеткендей, жанашыр азаматтар қаладағы экологиялық ахуалды, қоғамдық көліктің жұмысын, көшені жарықтандыру жүйесін жақсарту, заңсыз көлік тұрақтарын, арықтар желілерін ретке келтіру, бұрын облыс құрамында болған аудандар мәселелерін шешу жолдарын іздестіру, жемқорлық пен құқықбұзушылық деңгейін төмендету, белсенді азаматтық позициясы бар тұрғындарды қатыстыра отырып, әкімдік жанынан қоғамдық комиссиялар құру жөнінде нақтылы ұсыныстарын білдірген. Бұл ұсыныс-пікірлердің барлығы жаңа Бағдарламаның тиісті тармақтарына енгізілді және олар жүзеге асырылатын болады. Концептуалды емес, нақтылы сипатқа ие ұсыныстардың барлығы Бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі Жоспарды жасау барысында толық ескеріледі»,-деп атап өтті  жиын барысында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Қорытынды жиында «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Жанна Төлегенова, «McKinsey&Company» компаниясының өкілі Сергей Киселев, Әл- Фараби атындағы КазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, «AlmatyManagementUniversity» студенттер кеңесінің төрайымы Диана Күлекеева, мүгедектердің «Намыс» ҚҰ-ның төрағасы Қайрат Иманалиев және басқалары сөз алып, өз пікірлерін ортаға салды.

Атап өтерлік жайт, жақын арада «Алматының даму Бағдарламасы 2020» жобасы қала мәслихатының кезекті мәжілісінде бекітілетін болады.

 

Барлық жаңалықтар