ҚР Сенаты дінаралық V съезд туралы кітап шығарды

8 Желтоқсан, 2015 20:09
Қазақстан Парламентінің Сенаты Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында 10-11 маусым күндері өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінің материалдары жинақталған кітап- альбом шығарды, деп хабарлады ҚР Сенаты.

Оқырмандар назарына ұсынылған бұл басылымға «Діни лидерлер мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы диалогі» тақырыбымен өткен Съезге қатысқан әлемге танымал діни және саяси қайраткерлердің сөздері енгізілді. Әлемдік конфессиялардың жетекші өкілдерімен қатар форумға БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі ІІ Абдалла, Финляндия Президенті Саули Нийнистё, ЕҚЫҰ, БҰҰ Өркениеттер альянсы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Ғылым, білім және мәдениет мәселелері бойынша ислам ұйымының (ИСЕСКО) жетекшілері, БАҚ, діни және қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан болатын. Қорытынды Декларациямен қоса Съез материалдарының толық жинағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріліп отыр.

 «Саясаткерлер мен діни лидерлердің жаңа үлгіде пікір алмасу қажеттілігінің бұрыннан туындағаны сөз сөйлеушілердің ой-толғамдарынан анық байқалды. Президент Н. Назарбаев дін және саясат диалогін орнату бастамасын көтерді. Өйткені қазіргі өркениетті қоғам конфессияаралық және діни-зайырлықарым-қатынастардың сын-қатерлеріне тиісті жауапқайтара алатын жағдайда емес», - деп атап өтті Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының басшысы,Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының ТөрағасыҚасым-Жомарт Тоқаев оқырмандарға арналған алғысөзінде.

«Астанадағы діни саммит мемлекеттік қайраткерлер мен діни лидерлердің қазіргі заманның ең өткір мәселелері бойынша ортақ пікірлерін анықтауға мүмкіндік берді. Осы жиында тоғысқан ұстанымдар форумның 12 жылдық тарихында ғана емес, қанды қақтығыстарды реттеуге арналған көптеген халықаралық іс-шаралардың теңдессіз құжатына айналған қорытынды декларациядан көрініс тапты», - деді Қ.Тоқаев.

Басылымда пікірталастардың мазмұны мен Съезд қорытындыларын баяндап қана қоймай, Астанадағы кездесудің айрықша көңіл күйі әсерлі суреттермен берілді. Кітап халықаралық саясат, дінаралық қатынас және мәдениеттердің өзаа байланысы мәселелеріне қызығушылық білдіретін барша оқырмандар үшін пайдалы дүние болары даусыз. Одан басқа, жүйеленген материалдар Съездің бұдан былайғы жұмысының негізі болып табылады.

Айта өтейік, 2016 жылғы маусымға Съезд Хатшылығының кезекті отырысы жоспарланды, оның қарсаңында Астанада халықаралық парламентшілер, беделді діни қайраткерлер мен дінтанушы сарапшылар қатысатын «Дін терроризмге қарсы» халықаралық конференция өтеді.

Барлық жаңалықтар