2016 жылы «Қашаған» кен орнында коммерциялық өндіру басталады

8 Желтоқсан, 2015 13:02
Келер жылы «Қашаған» кен орнында коммерциялық өндіру басталады. Бұл жөнiнде ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовтың қатысуымен өткен Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында ҚР Ұлттық экономика министрi Ерболат Досаев мәлiмдедi.

«2016 жылы мұнай-газ секторында ірі жобаларды іске асыру жалғасады. Осы орайда, келер жылғы желтоқсанда «Қашаған» кен орнында коммерциялық өндіру басталады және Каспий құбыр желісі консорциумын кеңейту аяқталады. Сонымен қатар, 2016 жылғы сәуірде «Теңізшевройл» ЖШС болашақ кеңейту жобасын белсенді іске асыру басталып, 2017 жылғы желтоқсанда Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының құрылысы аяқталады», - дедi Е.Досаев.

Министр өз сөзiнде 2017 жылдың соңына дейін Атырау, Шымкент және Павлодардағы қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарын қайта құру және жаңғыртуды аяқтау жоспарланып отырғанын, бұл 2018 жылы ішкі нарықты отандық мұнай өнімдерімен толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретiнiн мәлiмдедi.

«Аграрлық сектор Қазақстанның болашақтағы экономикалық өсуінің басты драйверлерінің біріне айналуы тиіс.

2016 жыл ішінде Аустралия мен Бразилияның тәжірибесі бойынша ДСҰ «жасыл себеті» шаралары арқылы ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі назары АӨК үшін инфрақұрылым құру мен жаңа технологиялар енгізуге ауысатын болады. 2016 жылы мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға қолданыстағы субсидиялау жүйесін реформалау, өсімдік шаруашылығындағы сақтандыруларды жетілдіру және электронды астық қолхаттары жүйесін енгізу ықпал ететін болады», - дедi Е.Досаев.

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар