Б.Ізмұхамбетов: Атырау облысында 180 жас отбасы пәтерге ие болды

8 Желтоқсан, 2015 12:44
Атырау облысында 180 жас отбасы пәтерге ие болды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов айтты.

«Орташа есеппен жылына жарты миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Биыл 2196 пəтерлі 66 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Аудан орталықтарында əлеуметтік əлжуаз топтар мен бюджет қызметкерлеріне арналған 60 пəтерлі үш қатарлы тоғыз үй салынды. Оның бір бөлігі тапсырылды, қалғандары жыл соңына дейін тапсырылады», - деді Б.Ізмұхамбетов. 

Оның айтуынша, облыста жастарды тұрғын үймен қамту мəселесіне де үлкен көңіл бөлінеді. «Жас отау» бағдарламасы бойынша биыл 90 пəтерлі үй пайдалануға берілген. 

«Екінші 120 пəтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Алдымыздағы жылы, нақтырақ айтсам, бірінші жарты жылдықта тапсырылуға тиіс. Жыл соңына дейін тағы да 75 жас отбасы пəтер алады», - деп атап өтті облыс әкімі. 

«Облыс орталығында əлжуаз топтар үшін 240 пəтерлі үй салынып, тапсырылды. Қазір дəл сондай үй салынып жатыр. Келесі жылдың бірінші жарты жылдығында пайдалануға беріледі. Тағдыры қиын, балалар үйінде тəрбиеленген жастарды тұрғын үймен қамту мəселесіне көп көңіл бөлеміз», - деді Б.Ізмұхамбетов.

Өңір басшысы жеткізгендей, қазірде балалар үйінің 440 түлегінің 320-сы пəтер алған. Келесі жылы бұл мəселе толықтай жабылмақ. 

 

 

 

Барлық жаңалықтар