• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР ҚК-нің әскери қызметшілерін Үндістанның бітімгерші офицерлері оқытуда (ФОТО)

ҚР ҚК-нің әскери қызметшілерін Үндістанның бітімгерші офицерлері оқытуда (ФОТО)

7 Желтоқсан, 2015 17:42
Бүгін «Іле» оқу-жаттығу орталығының базасында бітімгершілік дайындық бойынша тренинг өткізу үшін елімізге Үндістан Қарулы Күштері ұтқыр жаттықтыру тобының өкілдері іссапармен келді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Конго, Мали, Батыс Сахара мен  Кот-д’Ивуардағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына қатысуда мол тәжірибелері бар Үндістанның бітімгершілік операциялар орталығының офицерлері подполковник Сингх Наринджан мен майор  Ранауат Бхавани Қазақстанға келді. Үндістанның офицерлері қазақстандық әскери қызметшілерді бейбітшілік пен қауіпсіздікті ұстап тұру жөніндегі операция негіздеріне оқытып-үйретеді. Бүгін алғашқы таныстыру сабағы басталды. Онда теория жүзінде үнді бітімгершілері БҰҰ-ның құрылымын, қандай миссиялар бар екенін түсіндіреді. Тренингке барлығы 18 қазақстандық әскери қызметші, яғни, 12 офицер және 6 келісімшарт бойынша әскери қызметші қатысуда.

«Тренингке қатысып отырған барлық қазақстандық әскери қызметшілер ағылшын тілін жетік біледі, дәріс те ағылшын тілінде өтеді. Жауынгерлерімізге арналған  бітімгершілік дайындық бойынша тренинг 11 желтоқсанға дейін жалғасады», - деді бітімгершілік операциялар орталығының бастығы подполковник Бақытжан Жетпісов.

Бітімгершілік қызметтің халықаралық міндеттемелерді орындауда, әскери-саяси ұстанымдарды, мүдделерді және жалпы әлемдік аренада еліміздің беделін ілгерілетуде мемлекет үшін үлкен мәні бар екенін айта кетейік.  Осы мақсатта ҚР Қарулы Күштерінде қазақстандық бітімгершілік бригадасы жұмыс жасайды.  Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілері жыл сайын шетел мемлекеттері қарулы күштерінің өкілдерімен бірлесіп «Дала қыраны», «Мызғымас бауырластық» және басқа да оқу-жаттығуларға қатысады.


 

 

Барлық жаңалықтар