Маңғыстау облысында екі жаңа балабақша ашылды (ФОТО)

7 Желтоқсан, 2015 17:09
Жаңаөзен қаласы мен Қызылсай ауылында 320 орындық екі балабақша ашылды, деп хабарлады Маңғыстау облысының әкімдігі.

Мектепке дейінгі жаңа мекемелердің салынуы 2014 жылы «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы мен Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспарының аясында салынды. Бір балабақшаның құрылысына республикалық бюджеттен 60 млн теңге бағытталды.

«2012-2020 жылдарға арналған  әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді шарасын жүзеге асыру барысында 48 млрд теңге бөлінді. Үш жыл ішінде 35,7 млрд теңге игерілді. Оған 2724 орындық 3 мектеп, 1920 орындық балабақша салынды», - деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.

Жаңаөзен қаласында бүгінде 22 мемлекеттік 16 жеке меншік балабақша бар. Жыл соңына дейін 2 мектепке дейінгі мекеме ашылады.

«Жаңаөзенде балабақшаға кезекте 7300 бала тұр. «Балапан» бағдарламасы бойынша 3-6 жас аралығындағы балалардың 86 пайызы қамтылды. Ашылатын балабақшада 93 қызметкер жұмыс істейтін болады, оның 89-ы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырылды», - деді Жаңаөзен қаласының білім беру басқармасының жетекшісі Гүлайым Азан.

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар