• Басты
  • Жаңалықтар
  • ​А.Мамытбеков: Ауыл шаруашылығы кооперациялары үшін барлық салық 70%-ға редакцияланады (ФОТО)

​А.Мамытбеков: Ауыл шаруашылығы кооперациялары үшін барлық салық 70%-ға редакцияланады (ФОТО)

7 Желтоқсан, 2015 12:18
Ауыл шаруашылығы кооперациялары үшін барлық салық түрлері 70%-ға редакцияланатын болады. Бұл туралы бүгін «Қазақстан агроөнеркәсіп кешеніндегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кооперациясы» тақырыбын арқау еткен жиында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков айтты.

«Кооперацияларды дамыту мәселесі ауыл шаруашылығы саласы үшін өте маңызды және өзекті болып табылады. Бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өндірістік, тұтынушылық проблемаларын кооперациялар арқылы шешеді. Қазақстанда да бүгінгі күні кооперацияларды дамытуға серпін беретін уақыт жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы кооперациялары туралы жаңа заң жобасы әзірленді. Оны дайындауға депутаттар, бизнес қауымдастық өкілдері және сарапшылар, оның ішінде шетелдік мамандар қатысты. Бұл заңда әлемдік кооперацияның тәжірибесін толықтай қамтуға тырыстық», - дейді А.Мамытбеков.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бір ай бұрын ғана қол қойған заң кооперация құруды тежеп келген бірқатар мәселені шешпек.

«Олардың қатарында табысты бөлу мүмкіндігінің болмауы, ауыл шаруашылығы кооперацияларына заңды тұлғалардың қатыса алмауы секілді түйіткілдер бар. Кооперативтер қызметінің ашықтығы қамтамасыз етіліп, жыл сайын міндетті түрде аудит өткізілетін болады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперацияларын салық негізінде ынталандыру мәселесі шешімін тапты. Яғни, ауыл шаруашылығы кооперациялары үшін барлық салықтар 70 пайызға редакцияланатын болады», - деп атап өтті министр.

Оның сөзінше, ендігі уақытта осы жайттарды ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеткізіп, түсіндіру қажет.

Суретке түсірген Бауыржан Жуасбаев

 

Барлық жаңалықтар