• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астанада Дипломатиялық бизнес клубтың Үйлестірушілік кеңесінің алғашқы отырысы өтті

Астанада Дипломатиялық бизнес клубтың Үйлестірушілік кеңесінің алғашқы отырысы өтті

4 Желтоқсан, 2015 19:54
Астанада Қазақстандағы шет мемлекеттердің елшілері мен отандық ірі кәсіпкерлердің қатысуымен Дипломатиялық бизнес клубтың Үйлестірушілік кеңесінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлады ҚР СІМ.

Жиында Клубтың ережесі, негізгі мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ, 2016 жылға арналған дипломаттар мен бизнесмендердің біріккен іс-шаралар жоспары нақтыланды.

Естеріңізге сала кетейік, Дипломатиялық бизнес клубты құру бастамасын еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов көтерген болатын. Ағымдағы жылдың 2 шілдесінде Қазақстанның Дипломатиялық күніне орай ұйымдастырылған шарада бұл бастама айтылған. Яғни, дипломатиялық корпус пен қазақстандық кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимыл мен қарым-қатынастарды нығайтатын бейресми құрылым кейіннен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев бастаған бизнес-қауымдастық тарапынан қолдау тапқан еді. 

Клубтың Үйлестірушілік кеңесінің отырысында дипломаттар мен бизнесмендер Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтқан жаңа инвестициялық саясат негіздерін, мемлекеттің инвестициялық ахуалды жетілдіруге және жақсартуға бағытталған реформаларды жүзеге асыру ниетін, шетелдік инвесторларды тарту үшін қосымша ынталандыру жұмыстарын жүргізуді позитивтік түрде қабылдағандарын атап өтті. 

Сонымен қатар, Дипломатиялық бизнес клубтың Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, «Young Presidents’ Organization» (YPO) және де басқа да бизнес ұйымдарымен өзара қарым-қатынас мәселелері талқыланды. Кеңеске қатысушылар Қазақстан нарығына инвесторлардың кіруіне қолдау көрсетуге, қазақстандық кәсіпкерлерге шетелдік әріптестерді табуға қолұшын созуға, отандық компаниялардың тауарлары мен қызметтерінің шетелдік нарыққа жол тартуына көмек көрсету қажеттілігіне назар аударды. Сондай-ақ, дипломаттар мен бизнесмендер 2016 жылдың алдын-ала жұмыс жоспарын талқылап, ресми кездесулер, форумдар, дөңгелек үстелдер мен бейресми шаралар, гольфтан, теннис пен басқа да спорт түрлерінен жарыстар өткізуге уағдаласты. Дипломатиялық бизнес клуб Өңірлік кәсіпкерлер кеңестері мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шетелдік елшілердің Қазақстан аймақтарымен жете танысуын ұйымдастыруға қолдау көрсететін болады. 

Ендігі жерде дипломаттар мен кәсіпкерлер дипломатиялық бизнес клубтың маңыздылығын ескере отырып, келешекте де клубтың жұмысы мүмкіндігінше барлық тараптарға тиімді болуына барлық күш-жігерлерін жұмсамақ ниетте.

Барлық жаңалықтар