• Басты
  • Жаңалықтар
  • ТүркПА экономикалық ынтымақтастықты нығайтатын бірлескен инвестициялық қор ашуды ұсынды

ТүркПА экономикалық ынтымақтастықты нығайтатын бірлескен инвестициялық қор ашуды ұсынды

4 Желтоқсан, 2015 12:08
ТүрПА төрағасы, Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Астанада Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының пленарлық отырысында экономикалық ынтымақтастықты нығайтатын бірлескен инвестициялық қор ашуды ұсынды.

«Біздің елдер ынтымақтастығының маңызды бір бөлігі сауда-экономикалық байланыс болып есептеледі. Бүгінде, қаржылық дағдарыс кезінде және әлемдік экономика тұрақсыздығында біздің елдің экономикаларына кері әсер етуді тоқтатып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажет», - деді ол.

Бұдан бөлек, Мәжіліс Спикері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қауымдастық мойындаған және қолдаған бірқатар жаһандық бастамалардың авторы екенін алға тарта отырып, бүгінгі таңда Түркі Кеңесіне мүше-мемлекеттер ынтымақтастығының парламенттік өлшемі ретінде белсенді түрде әрі зор табыспен дамып келе жатқан ТүркПА-ны құру идеясы да Қазақстан Президентінің бастамасы екенін ерекше атап өтті.

Одан әрі Мәжіліс Спикері ТүркПА-ның іс басындағы төрағасы ретінде алдағы атқарылатын жұмыстардың басым бағыттарына тоқталды. Ол негізгі үш бағыттан тұрады. Бірінші ТүркПА Комиссиялары қызметінің мазмұнын жаңарту және тиімділігін арттыру.

Ассамблея қызмет ете бастағаннан бері 4 тұрақты комиссия шеңберінде елеулі жұмыс атқарылып келеді. Ассамблеяның жұмыс құрылымы болып табылатын комиссиялардың әрқайсысындағы жұмысты жандандыру қажет деп санаймыз.

Біз комиссиялардың жұмысын мазмұндық жағынан жаңартуды және бірқатар бағыттар бойынша бірлескен іс-шараларды жоспарлауды ұсынамыз.

ТүркПА-ның басты міндеттерінің бірі – қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын үйлестіру және өзара жақындастыру болуға тиіс.

Бұл заң шығару жұмысын Комиссиялар шеңберінде жүргізген жөн. Комиссиялардың мұндай қызметі өзара  іс-қимылдың өзекті мәселелері, атап айтқанда, жоғарыда ұсынылған заңнама салалары бойынша ұлттық заңнамаларды жақындастыруға бағытталуға тиіс.

ТүркПА-ның бұдан арғы белсенді халықаралық қызметі.  Біздің Ассамблеяның әртүрлі халықаралық институттармен, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының жүйесіне кіретін институттармен халықаралық байланысын нығайту жөніндегі жұмысын жалғастыру маңызды деп санаймыз,-деді Қ. Жақыпов

Қ. Жақыповтың пікірінше  бұл бағыттар Ассамблеяның алдағы жылдардағы перспективалық күн тәртібін құрайтын болады.

Маңызды жиынға қазақстандық парламенті өкілдерімен қатар, Әзербайжаннан, Қырғызстаннан, және Түркияны парламенттік делегация мүшелері, Бакуде өткен ТүркПА отырысында байқаушы мәртебесіне ие болған Мажарстан делегациясы өкілдері қатысуда.

Барлық жаңалықтар