Ақтөбе облысының Кеңсахара ауылында газ құбыры іске қосылды

7 Қараша, 2013 09:00
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы Кеңсахара ауылында қуаты 1 584 814 м3/жылына және жалпы ұзындығы 6 км құрайтын газ құбырының ресми түрде ашылу рәсімі өтті, деп облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Құрылыс – монтаж жұмыстарының жалпы құны 36,345 млн.теңгені құрады.Осы жобаны жүзеге асыру барысында 110-нан астам тұрғын үйді «көгілдір отынға» қосу жоспарланып отыр», - деп хабарламада нақтыланған.  

Бұған дейін жергілікті халық көмір, ағаш отындарын сатып алуға және тасымалдауға қомақты қаржы жұмсап келген болса, ал енді осы жоба арқасында 436 тұрғын арзан отын тұтынуға  қол жеткізеді. Бүгінгі күні 74 үй газбен қамтамасыз етілді.

Жалпы тұрғындар бұрын жылыту маусымында орташа алғанда көмірге 60 мың теңге жұмсаған болса, енді газбен жылытуға шамамен 11 мың теңге төлейтін болады. Бұл олардың шығындары 5 есеге дейін төмендейтінін көрсетеді.

 

Барлық жаңалықтар