А.Перуашев: Қазіргі Үкімет – Қазақстан тарихындағы ең сылбыр үкімет

6 Қараша, 2013 19:00
Мемлекет басшысы қазанның 11-індегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелері мен тапсырмалары Үкімет жұмысының сылбырлығына лайықты айтылған орынды сөз, деп мәлімдеді «Ақжол» партиясының көшбасшысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат перуашев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.

Өздеріңіз белгілі, жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы министрліктер кабинетінің жұмысына бірқатар сын тағып, көптеген тапсырмалар берген еді.

«Мемлекет пен қоғамның дамуымен бірге үкіметтің де жетілуі керек. Осы уақыт аралығында біз түрлі үкіметті, түрлі құрам мен министрлерді көрдік. Алайда мен бүгінгі үкімет секілді жұмысын сылбыр орындайтын үкіметті бұрын-соңды көрмедім. Бүгінгі үкімет Мемлекет тапсырмаларына немкетті қарайды. Бұл менің жеке пікірім және «Ақжол» партиясы фракциясының мүшелері де осы ойда», - деді А.Перуашев.

Мәжілісменнің айтуынша, Үкіметтің кеңейтілген отырсындағы Мемлекет басшысының берген тапсырмалары аспаннан алынған сөз емес, ол Елбасының стратегиялық көрегендігінің көрінісі.

«Мемлекет басшысының 11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы министрлер  кабинеті жұмысына қатысты айтқан сындары аспаннан алынған сөз емес, ол Елбасының стратегиялық көрегендігінің көрсеткіші. Елбасы осынау жоспарлы саясатын тәуелсіздік алғашқы жылдарынан бері жүйелі жүзеге асыруға күш салып келеді. Соның ішінде үкіметтің кәсіби жетіліп, жауапкершілігі мол үкіметке айналуы да қамтылған», - деді депутат.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының берген тапсырмалары ұзақ мерзімді қамтиды, сол себепті атқарушы билік кезекті қамшылау мен тапсырмаларды күтіп отыра бермей, аталмыш саясаттың аясында өздерінше бастама көтеріп, өз беттерімен жұмыс істеу керек. Атап айтқанда, «Қазақстан-2050» Стратегиясын зерделей отырып, соның үдесінде қызмет етулері керек.

Сонымен қатар Перуашев қазіргі жағдайдың парламенттік бақылауға мұқтаж екенін жеткізді. Осы орайда Үкімет пен парламенттік фракциялардың өзара бірігіп іс атқару керектігін атап өтті.

«Бұл белгі мемлекетке де, қоғамға да көппартиялы парламентизмді дамыту үшін заң шығарушы мен атқарушы билік арасындағы қатынасты қалпына келтіру керектігін білдіреді», - деп түйіндеді А.Перуашев.

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар