• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Нұр Отан» Елбасының Жолдауын жүзеге асыру мен халыққа насихаттау жөніндегі ауқымды жұмыстарын бастап кетті

«Нұр Отан» Елбасының Жолдауын жүзеге асыру мен халыққа насихаттау жөніндегі ауқымды жұмыстарын бастап кетті

3 Желтоқсан, 2015 19:02
«Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» ҚР Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын ақпараттық насихаттау жұмысына партияның барлық құрылымдары тартылған. Бұл тұста партияның аймақтық және аумақтық филиалдары мен депутаттық корпусқа айрықша орын тиесілі. Осы туралы БАҚ өкілдеріне «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының Саяси жұмыс департаментінің директоры Руслан Әлішев партияның Баспасөз орталығында өткен брифинг барысында хабарлады.

Р.Әлішев атап өткендей, халыққа түсіндіру жұмыстарына партияның барлық ресурстары мен мүмкіндіктері тартылған. Ең алдымен, ол 860 мыңнан аса партия мүшелерінің басын біріктірген 5 667 бастауыш ұйымдары. Дәл осы БПҰ арқылы халықпен кері байланыс қамтамасыз етіліп, жүргізіліп отырған реформалардың маңызы түсіндірілуде. Сонымен қатар, партияның басты активі – Ұлт жоспарына қатысты заңдарды қабылдауға қатысқан Мәжілістегі партия фракциясының депутаттары мен жалпы саны 3,2 мыңнан асатын мәслихат депутаттары, сондай-ақ партия филиалдары саяси кеңестерінің мүшелері.

«Дәл осындай азаматтарға, яғни өмірлік тәжірибесі мол, жергілікті ахуалды жақсы білетін және де Президенттің жүргізіп отырған саясатын халыққа түсінікті қарапайым сөзбен жеткізе білетін азаматтарға сенім артамыз», - деді Р.Әлішев.

Айта кетейік, бүгіннің өзінде «Нұр Отан» партиясы өңірлерде ауқымды насихаттау жұмысын бастап кетті. Алғашқы кездесулер Ақмола облысында орын алды, осы өңірге партия Төрағасының Бірінші орынбасары А.Мырзахметов жұмыс сапарымен барған болатын. Оған қоса, Қарағанды облысында да партия Орталық аппаратының лекторлар тобы жұмыс жүргізуде.

Бұл жердегі басты мақсат – биылғы Жолдаудың басты ойларын және де бүгінгі күннің сынақтарына қарсы тұруға бағытталған елдегі реформалар туралы ақпаратты қалың бұқара халыққа жеткізу.

Барлық жаңалықтар