Е.Ыдырысов Аустрияда БҰҰ өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді

3 Желтоқсан, 2015 10:19
ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Аустрияға жұмыс сапары басталды, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Күннің бірінші жартысында БҰҰ Вена бөлімшесінде Е. Ыдырысов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Вена бөлімшесінің Бас директоры, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) Бас директоры Юрий Федотовпен, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Бас директоры Юкия Аманомен, БҰҰ Өнеркәсіптік даму ұйымы Бас конференциясының (ЮНИДО) Бас директоры Ли Юнмен және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы хатшысы Лассина Зербомен кездесулер өткізді, сондай-ақ Венада өтіп жатқан ЮНИДО Бас конференциясы шеңберінде «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған фотокөрмеге қатысты.  

БҰҰ-ның жоғары өкілдерімен ынтымақтастықты одан әрі дамытудың практикалық  мәселелері талқыланды. Мәселен, Ю. Федотовпен ҚР-ның БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен ынтымақтастық мәселелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, Орталық Азиялық Аймақтық ақпараттық-үйлестіру орталығының (ЦАРИКЦ) қызметін жандандыру, сондай-ақ ҚР  Президенті Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында айтылған бастамаларын іске асыруға қолдау көрсету  мәселелері талқыланды.

 Ю. Федотов ЦАРИКЦ – БҰҰ ЕҚБ және Орталықтың қатысушы мемлекеттерінің есірткі тасымалдау мен қылмысқа қарсы тұру саласындағы ең жемісті жобаларының бірі деп атап өтті. Әңгімелесуші тараптар терроризм мен экстремизмге қарсы тұру, соның ішінде ҚР Президенті Н. Назарбаев БҰҰ БА 70-ші сессиясындағы мәлімдемелері аясында осы мәселелерге төтеп беруде өзара ықпалдастықты нығайтуға ерекше назар бөлді.

Ю. Аманомен әңгіме барысында ү.ж. тамызда қол қойылған, тарихта алғашқы ҚР мен АЭХА арасындағы елімізде осы ұйымның жетекшілігімен төмен байытылған уранның банкін құру туралы келісімнің нақты бағыттары, техникалық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, АЭХА-нің энергетикалық, су және азық-түлік қауіпсіздігі жобаларын іске асыруға қатысу болашағы, соның ішінде Ислам Ынтымақтастық Ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы аясында жүзеге асыру мәселелері пысықталды.

Сонымен қатар, Ю. Аманомен келіссөздер барысында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың БҰҰ БА 70-ші сессиясы шеңберінде БҰҰ 100 жылдық меерйтойына 2045 жылы ядролық қарудан азат әлем құру жөнінде мәлімдеген бастамаларын жүзеге асыру мақсатында ынтымақтасу мәселелері талқыға салынды. Адамзатты ядролық қатерден азат ету үшін Қазақстан Президенті ұсынған 30 жылды тиімді пайдалану қажеттігі аталып өтілді.

ЮНИДО-да келіссөздер қорытындылары бойынша ҚР Үкіметі мен осы халықаралық ұйым арасындағы Өнеркәсіптік даму қорына мақсатты жарналар туралы әкімшілік келісімге қол қойылды. Әкімшілік келісімге ҚР Үкіметі мен ЮНИДО арасындағы ынтымақтастық туралы бірлескен декларация негізінде және 2015-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес Қазақстан Үкіметінің экономиканы индустрияландыру жөніндегі күш-жігеріне жәрдем ету үшін  ЮНИДО-ның сарапшылық білімін тарту мақсатында қол қойылды.  

Е. Ыдырысов пен Ли Юн ҚР мен ЮНИДО арасындағы кәсіби-техникалық білім беру саласын дамыту, әсіресе ҚР Президентінің 2017 жылдан бастап тегін кәсіби-техникалық білім алу туралы мәлімдемесі аясында, ынтымақтастықтың үлкен болашағы туралы атап өтті.

Л. Зербомен кездесу шеңберінде Қазақстан мен Жапонияның ЯСЖТШҰ XIV Тармағы бойынша теңтөрағалығының іс-әрекет жоспарларын талқыға салды. Л. Зербо ядролық сынақтардан айтарлықтай ауыр жапа шеккен екі елді ұйымның бірлестіруіне жақсы үміттер артатынын жеткізді.

Сондай-ақ, министр күні-түні және кешенді түрде адамзат белсенділігін бақылайтын, ядролық сынақтарды, сонымен қоса осыған байлансты технологиялық үдерістерді анықтай алатын ЯСЖТШҰ Деректер орталығын аралады.

Жалпы, БҰҰ-да өткен кездесулер халықаралық құрылымдардың ҚР Президентінің сыртқы саяси бастамаларын да, сонымен қатар мемлекеттің дамуына арналған кеңауқымды бағдарламаларды жүзеге асыруға қатысуын талқылауға мүмкіндік берді.

 

Барлық жаңалықтар