Қ.Тоқаев Нидерланд Премьер-министрімен кездесті

2 Желтоқсан, 2015 15:51
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Нидерланд Корольдігі Премьер-министрі Марк Рюттемен кездесті, деп хабарлады Сенат.

Қ.Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан ірі сауда-экономикалық және инвестициялық әріптесі Нидерландымен парламенттік байланыстарды нығайтуға мүдделі. Қ.Тоқаев мейманның назарын Президент Н.Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауында айтқан бастамалары аясында екі ел ынтымақтастығының жаңадан ашылатын мүмкіндіктеріне аударды.

Нидерланд премьері әлемдегі қазіргі кездегі геосаяси ахуалға, ЕАЭО аясындағы интеграциялық үдерістердің дамуына және Еуропа Одағымен ынтымақтастықтың келешегіне қатысты Қ.Тоқаевтың пікірін сұрастырды. Нидерланд Премьер-министріне жан-жақты түсіндірме берілді.

Таяудағы түрік-ресей оқиғасына Қазақстанның көзқарасы туралы мәртебелі мейманның сауалына жауап бере келіп, Сенат Төрағасы жыл сайынғы Жолдауды жария ету барысындағы Мемлекет басшысыныңмәлімдемесіне сілтеме жасады және қалай болғанда да ресейлік бомбалаушы ұшақты атып құлатуға негіз болмағанын, бұл асығыс шара екіжақты қатынастарға елеулі зиян келтіргенін айтты.

Кездесуге қатысқан сенатор Ляззат Киинов М.Рюттенің өтініші бойынша мұнайгаз саласына, оның ішінде игеруге «Royal Dutch Shell» нидерланд-британ компаниясы қатысатын Қашаған кенішін өндірістік қуатына шығаруға қатысты қысқаша шолу жасады. Премьер-министр Нидерландының Қазақстанмен жан-жақты әріптестікті одан әрі жалғастыруға әзір екендіктерін атап өтті. М.Рютте Қашағандағы ынтымақтастықтың келешегі зор екендігін айта келіп, Каспийдегі ірі жобаға арналған үздік технологияларды әкелу қажеттігіне тоқталды.

 

Барлық жаңалықтар