Сапалы қазақстандық өнімге «Ұлы дала елі» атты бренд логотипі тағылады

1 Желтоқсан, 2015 14:26
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Елбасының кезекті Жолдауын талдау мақсатында баспасөз мәжілісі өтті. Жиынға қатысқан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев елімізде «Ұлы дала елінің тауарлары» атты бренд қалыптастыру мақстаында жұмыстар жасалып жатқандығын айтты.

«Бұл бастаманы Мемлекет басшысы көтерген болатын. Мәселен, Жапонияны Күншығыс елі деп атайды. Сол сияқты Қазақстанның аты аталған кезде, бірден еске түсетіндей бренд қалыптастыруымыз керек. Осы мақсатта біз «Ұлы дала елінің тауарлары» атты жаңа бренд жасауды қолға алып отырмыз. Оның басты ерекшелігі – Қазақстанда жасалуында. Сондай-ақ, бұдан басқа да талаптары бар. Атап айтсақ, біз кәсіпорындар арасында аудит жүргізіп, оларды зерттейміз. Шыныменде бұл өндіріс орны тауар өндіретініне көз жеткізуіміз керек. Өздеріңіз білесіздер, басым көпшілігі тауарларды шетелден әкеліп, «Қазақстанда жасалған» деген қағаздарын жабыстырып қояды. Сондықтан, біріншіден, осыған үлкен мән береміз. Екіншіден, ол сапалы болуы керек. Үшіншіден, халқымыз оны жақсы қабылдауға тиіс. Мәселен, «Рахат» компаниясы көпшіліктің көңілінен шығып үлгерді. Біз оны бәріміз мойындаймыз. Олар тек Қазақстанды ғана емес, шетелді де бағындырды», - деді Басқарма төрағасының орынбасары.

Алайда, оның айтуынша, бұл брендпен тауар шығаратын өндіріс орындары, компаниялар әлі анықталмаған.

«Мұндай брендті тауар өндіретін компаниялар әлі анықталған жоқ. Біз оны әлі зерттеу үстіндеміз. Жалпы, айта кететін болсақ, оған «Рахат», «Эйр Астана» сынды компаниялар кіруі мүмкін», - деді ол.

 

 

Барлық жаңалықтар