Астанада «ескі» орамдар жөнделуде

6 Қараша, 2013 16:39
Астанада 11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау бойынша екінші баспасөз-туры өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Жиында Мемлекет басшысы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының іске асырылуы  өңірлерде белсенді қолға алыну керектігін айтты. Баспасөз-туры барысында журналистер аталмыш бағдарламаның бір бағыты апаттық үйлерді көшіру пилоттық жобасы аясында салынып жатқан тұрғын үй кешендерінде болды. С409 көшесі, 19/1 үй мекен-жайындағы тұрғын үй кешенінің аумағы 3,6 мың шаршы метр. Бас аяғы 5 қабатты үйде 90 пәтер бар. Бұл үйге апаттық жағдайдағы екі қабатты екі үйдің тұрғындары қоныстандырылмақ. Кенесары көшесіндегі аталмыш үйлер алпысыншы жылдары салынған еді. Тұрғын үй бір шаршы метрге бір шаршы метр әдісі бойынша тапсырылады, алайда 1 бөлмелі үйден кем емес», - делінген хабарламада.

Аталмыш жоба Астананың «ескі» орамдарының кешенді жөнделуіне бағытталған. Қазіргі уақытта несиелік қаржы есебінен жоспар бойынша 7 тұрғын үйдің құрылысы жасалып жатыр. Бас-аяғы 11 млрд теңгенің келісімшарты жасалып, оның қазірге дейін 7,2 млрд теңгесі игерілген. 2013 жылы жалпы ауданы 24 мың шаршы метр пәтерлік 4 тұрғын үй кешені қолданысқа берілмек. Соның ішінде 9,7 мың шаршы метр апаттық жағдайдағы үйлердің тұрғындарына беріледі. 2 тұрғын үй кешеніне топтастырылған бұл пәтерлердің саны 189. Ал 2014 жылы 79 мың шаршы метр үйдің құрылысы жоспарланып отыр. Оның 24 мыңы коммуналдық тұрғын үй қорына берілмек.

«2015 жылдан бастап тұрғын үй құрылысы коммерциялық тұрғын үй сатылымының  қаражаты есебінен жүргізілетін болады. 2017 жылдың соңына дейін 228 апаттық үйлер алынып, олардың орнына «Елорда даму» ЖШС 616 мың шаршы метр тұрғын үй салады, соның 187 мыңы коммуналдық тұрғын үй қорына өткізіліп, 3 519 пәтер апаттық үйлер тұрғындарына табысталады. Бүгінде көшірілуі тиіс апаттық үйлердің жалпы ауданы 150 мың шаршы метрді құрайды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, шараға денсаулық сақтау мен білім беру саласы қызметкерлері де қатысты.

Барлық жаңалықтар