• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда «Қазақстан - Қытай» магистральді газ құбырының үшінші желісінің құрылысы аяқталды

Қазақстанда «Қазақстан - Қытай» магистральді газ құбырының үшінші желісінің құрылысы аяқталды

2 Желтоқсан, 2015 11:13
Алматы облысының Жамбыл ауданында Түркменстан, Өзбекстан, Қазақстанды және Қытайды газ көпірімен біріктірген «Қазақстан - Қытай» магистральді газ құбырының үшінші желісін (С желісі) іске қосу салтанатты шарасы өткізілді, деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Осылайша, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы энергетикалық және аймақтық серіктестік салаларындағы газ тасымалдау саласындағы ірі халықаралық жоба толығымен аяқталды.

Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына жолдауында көлік-логистикалық, индустриалдық және энергетикалық инфрақұрылымды дамытудың және энергоресурстарды тасымалдаудың жаңа бағыттарын құрудың аса маңыздылығын айрықша атап өтті, ал «Қазақстан-Қытай» атты инфрақұрылымдық жобаның аяқталуы, елдің газ тасымалдау саласының Президент тапсырмаларын іске асыруға қосқан үлкен үлесі болып табылады.

«Қазақстан-Қытай» газ тасымалдау магистралінің барлық «А», «В» және «С» үш желісінің жобалық өндірімділігі 55 млрд.м3. құрайды, соның арқасында магистральді газ инфрақұрылымы кеңейтілді, транзиттік және экспорттық потенциалдың мүмкіндіктері ұлғайды.

«Қазақстан-Қытай» магистральді газ құбырының «С» желісінің ұзындығы 1303 км. құрайды. Нысан барлық технологиялық сынақтардан табысты өтті. «Қазақстан-Қытай» магистральді газ құбырының «С» желісінің трассасы «А» және «В» желілерімен бір техникалық дәлізде Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының аумақтары бойынша өтеді, яғни аталған аймақтардың тұтынушылары үшін газды іріктеу қарастырылған.

«Қазақстан-Қытай» магистральді газ құбыры «Түркменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» трансшекаралық газ құбырының құрылымдық бөлігі болып табылады, жалпы ұзақтығы 7,5 мың.км-дан астам.

«Қазақстан-Қытай» магистральді газ құбырының «С» желісін іске қосу бойынша салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, «ҚазТрансГаз» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Шарипбаев, «ПетроЧайна» вице-президенті Люй Гунсюн және т.б. қатысты. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің атынан іс-шараға вице-министр Мағзұм Мырзағалиев қатысты.

Барлық жаңалықтар