Тұңғыш Президент күніне орай 20 000 теңгелік банкнот айналымға шықты

1 Желтоқсан, 2015 11:03
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2015 жылғы 1 желтоқсаннан номиналдық құны 20 000 теңгелік банкнотты айналымға шығарды.

ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен мәлімдегендей, бұл банкнот 2013 жылы дайындалған. Басқа ақша белгілерімен қатар айналысқа шыққан кезеңнен бастап ол заңды төлем құралы болып табылады және төлемдер мен ақша аударымдарының барлық түрлерінде қабылдануға міндетті, деп хабарлады Ұлттық банк.

Банкноттардың дизайны айналыстағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде орындалған: бет жағының басым бейнелері тігінен, ал сырт жағында көлденең орналасқан. 20 000 теңгелік банкноттың мөлшері: 155х79 мм.

«Бет жағында негізгі бейнелер «Қазақ Елi» монументі, пырақ және Мәңгілік ел салтанатты аркасы бейнеленген. Қазақстанның тәуелсіздігін бейнелейтін «Қазақ Елі» тарихи-мемориалдық кешені Астана қаласының он жылдық мерейтойы қарсаңында ашылды. Стела биіктігі – 91 метр – Қазақстанның тәуелсіздік алған 1991 жылды білдіреді. Ескерткіштің мәрмәр тұғыры Қазақстан халқының таза ой-ниеті мен этникааралық үйлесімін паш етеді. Ал төбесінде Самұрық құс бар стеланың өзі Қазақстан халқының болашаққа, одан әрі даму мен гүлденуге деген ұмтылысын көрсетеді», - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.

Банкноттың төменгі жағында ортада Мәңгілік ел салтанатты аркасы – еркін елдің мәңгілік идеясы, жалпыға ортақ Қазақстан үйінің ұлттық идеясы сәулет құрылысы тұрғысынан бейнеленген.

Сырт жағында банкноттың ортасындағы негізгі бейне Қазақстан картасының пішіні және астанамыз – Астана қаласының Қазақстан Республикасының Конституциясында негізі қаланған билік тармақтарын бөлу қағидатын көрсететін тәртіппен орналасқан Ақорда, Парламент және Үкімет ғимараттары бар көрінісі бейнеленген.

Көзі нашар көретін адамдар үшін банкноттың оң жағында шетінде саусақпен ажыратуға болатын жеті жоғары бедерлі үш бұрыш басылған.

Банкноттың сырт жағында бірқатар қорғаныш элементі бар: сутамғы белгісі, түс ауыстыру бояумен басылған ою-өрнек элементі бар мөлдір орын, жарыққа тосып қараған кезде бет жағындағы бөліктермен біртұтас суретті құрайтын қосарланған бейненің бөліктері. Банкноттың төменгі сол жақ бұрышындағы номиналы да көлбеу бұрышын өзгерткен кезде түсін ауыстырады.

Анар Тәңірқұлова

 

Барлық жаңалықтар