• Басты
  • Жаңалықтар
  • ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға көшу аясында ИИДМБ мамандықтары бойынша мемлекеттік тапсырыс енгізіледі

ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға көшу аясында ИИДМБ мамандықтары бойынша мемлекеттік тапсырыс енгізіледі

25 Қараша, 2015 12:47
ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға көшу аясында ИИДМБ мамандықтары бойынша мемлекеттік тапсырыс енгізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Гүлзат Көбенова айтты.

«Қазіргі таңда ЖОО-да қызмет атқаратын оқытушылық құрам өздерінің тілдік деңгейін жетілдіруде. ЖОО-дағы оқытушылардың 8 пайызы ағылшын тілін жетік меңгерген. Техникалық, педагогикалық, гуманитарлық мамандықтарда кейбір кәсіби пәндер ағылшын тілінде жүргізіліп жатыр. Олар осы бағытта жұмыстарын жалғастыратын болады. Сонымен қатар, оқу орындарына шетелден оқытушы ғалымдар келіп сабақ өткізуде. Соңғы үш-төрт жылдың ішінде шетелдік 6 мыңнан астам ғалымдар студенттерге дәріс оқып, семинарлар өткізді. Бірігіп ғылыми зерттеулер жүргізді. Соңғы үш жылдың ішінде 3000-ға жуық студент шетелде бір семестр білім алып келіп, қазір елдегі оқу орындарында оқуларын жалғастыруда», деді Г.Көбенова.

Сондай-ақ, оның айтуынша, бүгінгі күні белгілі шетелдік ғалымдардың 130 оқулығы қазақ тіліне аударылған. Соңғы жылы шетелдік ғалымдармен бірігіп 65 оқулық жазылды.Студенттер осы оқулықтар бойынша білім алады. Осы жылда бұл жұмыстар одан әрі жалғасады дейді ол.

Анар Тәңірқұлова

 

 

 

Барлық жаңалықтар