• Басты
  • Жаңалықтар
  • Сот сараптамасын жүргізу бойынша мемлекеттік қызмет қызметін Денсаулық министрлігінен Әділет министрлігіне беру жоспарлануда

Сот сараптамасын жүргізу бойынша мемлекеттік қызмет қызметін Денсаулық министрлігінен Әділет министрлігіне беру жоспарлануда

24 Қараша, 2015 12:49
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Қазақстандық  құқық қорғау жүйесін жетілдірудің 2014-2020 жылдарға арналған бағдарламасында сот сараптамалық қамтамасыз етуді жетілдіру мәселелері қарастырылған болатын. Осыған орай, аталған заң жобасы сот-сараптама қызметін аккредиттеуді халықаралық стандарттар деңгейіне дейін жетілдіруді көздейді.

«Заң жобасына сәйкес, медициналық, наркологиялық және психиатриялық сот сараптамаларын жүргізу функцияларын Денсаулық сақтау министрлігінен Әділет министрлігіне беру көзделеді. Осылайша, сарапшылық функциялары бір мемлекеттік органда қалыптастырылатын болады. Сарапшылық функцияларын бір ведомствода орталықтандыру сот сараптамасы ұйымдары жұмысының тиімділігін түбегейлі жақсартуға, ішкі қайшылықтарды жоюға септігін тигізеді», - деді Әділет вице-министрі Бақытжан Әбдірайым.

Сонымен қатар, сот-сараптама қызметін аккредиттеудің халықаралық стандарттарын енгізу шаралары да пысықталады. Бұл ретте халықаралық аккредиттеуді Астана және Алматы қалаларында енгізу көзделеді.

«Жеке сот сарапшылары институтын дамытуға ерекше назар аудара отырып, арнайы жабдықтарды және күрделі зерттеулерді талап етпейтін сараптамаларды бәсекелестік ортаға беруді жоспарлаймыз. Осы қадам мемлекеттік сот сарапшыларына түсетін ауыртпашылықты азайтуға, зерттеулерді сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Барлық жаңалықтар