Шымкентте «Дін және әйел» тақырыбында форум өтеді

6 Қараша, 2013 09:40
2013 жылдың 7 қараша күні Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті бірлесе «Дін және әйел» тақырыбында форум өткізеді, Дін жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Форумның мақсаты: «Дін және әйел» тақырыбын қоғамдық ортада жан-жақты талқылау үшін пікірталас алаңын ұйымдастыру, жастардың ислам дінінің негіздері туралы дұрыс мағлұмат алуына және зайырлы қоғамның дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруға ықпал ету», - деп хабарламада нақтыланған.

Сонымен қатар, аталған форум аясында жастардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған «Дін және дәстүр сұхбаты заманауи сын-тегеуріндер аясында» атты дөңгелек үстел 7 қарашада Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында, «Діни сана және рухани құндылықтар» атты дәріс-сұхбат пен «Сауатты жас – салауатты қоғам болашағы» атты семинар-тренинг 8 қарашада «Шымкент» университетінде өткізіледі.

Форумға Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ЖОО студенттері, оқытушы-ғалымдар, мәдениет және қоғам қайраткерлері, БАҚ қатысады.

 

Барлық жаңалықтар