Бүгін BAQ.KZ ақпараттық порталы 5 жылдығын тойлауда

23 Қараша, 2015 13:46
«Казконтент» АҚ құрамындағы BAQ.KZ ақпараттық порталы 2010 жылдың қарашасында құрылған болатын, бүгін портал 5 жылдығын тойлауда.

«BAQ.KZ» ақпараттық порталы мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту және Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2010 жылдың қараша айында құрылған болатын. «Қазконтент» АҚ жанынан құрылған сайттың мақсаты – интернет желісінде қазақ тілді БАҚ-тың ықпалын күшейту және барлық қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарына бір ғана сілтемемен қол жеткізуге мүмкіндік беретін ортақ алаң құра отырып, қазақ тіліндегі контенттің көлемі мен сапасын, қазақтілді оқырманның белсенділігін арттыру.

Бүгінгі таңда «BAQ.KZ» порталындағы 20 айдарда күнделікті әлемдегі және Қазақстандағы жаңалықтар ұсынылуда. Сонымен қатар, еліміздің қазақ тіліндегі 91 газеті мен 14 журнал сайттары және 301 электронды БАҚ сайттарының сілтемелері топтастырылған. Оған қоса портал қолданушылары 6 радио мен 15 телеарнаны онлайн жүйесінде пайдалана алады.

«BAQ.KZ»-тің басымдыққа ие маңызды бөлімдерінің бірі – «Аймақтық БАҚ». Бұл бөлімде осы күнге дейін жеке сайттары жоқ 270 газеттің өз парақшалары ашылып жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде аймақтардан 78 672 ақпараттық хабарламалар интернет арқылы кім-кімге де қолжетімді болды. Ал оқырмандар тарапынан бұл жаңалықтарға 8 543 пікір жазылды.

«BAQ.KZ»-ті өзге де сайттардан ерекшелейтін тетігі – «Блогтар» бөлімі болып табылады. Ел азаматтарының жеке шығармашылық қабілетін шыңдауға баулитын бұл бөлімде бүгінге дейін 329-блогшы интернет-күнделіктерін ашып, өз туындыларын оқырман қауымның назарына ұсынуда. Олардың жеке блогтарында 5 787 жазба жұртшылық назарына ұсынылып, оған 7 635 пікір жарияланды. Сонымен қатар, сайтымызда еліміздегі мәдени орталықтар атты бөлім ашылып, қазақстандық музейлер мен театрларға, басқа да мәдени орталықтарға тегін негізде парақша ашып беріп, ақпарат таратуда.

Жалпы алғанда «BAQ.KZ» қазақстандық қазақ тілді интернет-ресурстар рейтингісінде алдыңғы орында. Бұл ретте порталдың тек қана қазақ тілінде ғана ақпарат таратып, латын және төте жазу үлгісінде оқылатындығын атап өту керек.

Қызмет көрсеткен 5 жыл ішінде «BAQ.KZ» 56 жаңалықтар санатында 200 мыңнан астам ақпараттық-хабарлама материалдары жарияланып, оған 60 811 оқырмандар пікірі жазылды. Жалпы, жаңалықтар хабарламасын алып отыруға тұрақты тіркелгендер саны 700-ге жуықтайды.

Ақпараттық агенттік 2014 жылдың қорытындысы бойынша Award.kz ұлттық интернет байқауының «Масс-медиа» номинациясында үшінші орынды иемденді.
 

 

 

 

Барлық жаңалықтар