• Басты
  • Жаңалықтар
  • Болжам бойынша 2015 жылдың соңына дейін экспорт көлемі 39,2 пайызға төмендейді – ҰЭМ

Болжам бойынша 2015 жылдың соңына дейін экспорт көлемі 39,2 пайызға төмендейді – ҰЭМ

19 Қараша, 2015 18:17
Болжам бойынша 2015 жылдың соңына дейін экспорт көлемі 39,2 пайызға төмендейді, деді Мәжілісте «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Бұл ретте республикалық бюджет кірістері 2015 жылы 3 174,2 млрд. теңге мөлшерінде бағаланып отыр, бұл бекітілген жоспардан 45,8 млрд. теңгеге төмен.

«Биылғы жылы қазанда инфляциялық процестердiң жеделдеуiне байланысты АҚШ долларына бағамның бәсеңдеуi аясында инфляция деңгейi бойынша болжамды дәлiз осы жылы 6,0-8,0%-дан 8,0-10,0%-ға дейiн көтерiлдi. Республикалық бюджет кiрiстерi трансферттердi есепке алмағанда 2015 жылы 3 174,2 млрд теңге мөлшерiнде бағаланып отыр. Бұл бекiтiлген жоспардан 45,8 млрд теңгеге төмен», - дейдi ол.

«Кірістердің негізгі азаюы корпоративтік табыс салығы бойынша 183,5 млрд. теңгеге және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше  елдерден түсетін әрі бөлінетін кедендік баждар бойынша 50,3 млрд. теңгеге күтілуде», - дейді Ерболат Досаев.

Оның айтуынша,  АҚШ долларының орташа жылдық есептік бағамының ұлғаюына байланысты, мұнайға экспорттық кедендік баждар түсімдерінің 70,7 млрд. теңгеге және әскери полигондар мен «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін жалдау ақысының 5,8 млрд. теңгеге ұлғаюы болжанады.

2015 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары бекітілген мөлшерге қатысты 66,5 млрд. теңгеге азайтыла отырып, 7 179,2 млрд. теңге көлемінде болжанып отыр.

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар