• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қ.Тоқаев: ҚР Парламенті Ұлт жоспарын іске асыруға қажетті заңдар бойынша тиісті шешімдер қабылдады

Қ.Тоқаев: ҚР Парламенті Ұлт жоспарын іске асыруға қажетті заңдар бойынша тиісті шешімдер қабылдады

19 Қараша, 2015 14:47
Парламент қысқа мерзім ішінде қоғамдық қатынастар жүйесін кешенді жаңғырту шараларын қамтитын, Елбасы жариялаған Ұлт жоспарын іске асыруға қажетті заңдар бойынша тиісті шешімдер қабылдады,деді Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев палатаның жалпы отырысында.

«Мемлекет басшысы бұл заңдардың бірқатарына, соның ішінде, тұңғыш рет жария түрде жаңа Азаматтық процестік кодекске қол қойды. Президент құқық саласына түбегейлі өзгерістер әкелетін бұл кодекстің маңызы зор екеніне айрықша назар аударды», - деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ, кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне арналған, уақыт талабына сай келетін жаңа Кәсіпкерлік кодексі және халықаралық стандарттарға негізделген еңбек қатынастарын реттейтін Еңбек кодексі  қабылданды.  

Бұдан басқа қабылданған маңызды заңдар еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға тың серпін береді деп санаймын.   

Сенаторлар Елбасы жүктеген жауапты міндетті орындауда қауырт жұмыстың салмағын терең сезініп, заң жобаларын талқылау барысында жоғары кәсіби шеберлік танытқанын ерекше атап өткім келеді.

Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы депутаттардың барлығына алғыс айтты.

Заң шығару үдерісінде Сенат пен Мәжіліс  Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссиямен және Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, бірлесе тиімді еңбек етті.

Палата қабырғасында өткен қызу пікір алмасулар мен жүргізілген арнайы жұмыстардың нәтижесінде депутаттардың ұсыныстары бойынша Ұлт жоспарынан туындаған көптеген маңызды заң жобаларына нақты түзетулер енгізіліп, олардың сапасы арта түсті.

Өздеріңізге мәлім, Ұлт жоспарын іске асыруға арналған заңдардың басым көпшілігі 2016 жылдың  1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

«Сондықтан, алдағы кезеңде баршамыз осы заңдардың  мәні мен маңыздылығын қоғам назарына кеңінен жеткізуге атсалысуымыз керек. Заңдар, ең алдымен, қалың көпшілікке түсінікті, қолданыста ыңғайлы болуы тиіс. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жаңа заң нормаларын мүлтіксіз іске         асыруды және тиісті заңға тәуелді актілерді әзірлеуді  жедел қолға алуы қажет», - деді ол.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуін тың белестерге бастайтын Президенттік реформаны табысты іске асыру үшін біз күш-жігерімізді аямай жұмсайтын боламыз деп мен кәміл сенемін.

«Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелеріне ел дамуы үшін аса маңызды заңдарды қабылдауда   бірлесіп атқарған жұмыстары үшін алғысымды білдіремін», - деді Сенат төрағасы.

Барлық жаңалықтар