• Басты
  • Жаңалықтар
  • Т.Мұсабаев: Біз Қазақстанның толыққанды ұлттық ғарыш саласын құрамыз (ФОТО)

Т.Мұсабаев: Біз Қазақстанның толыққанды ұлттық ғарыш саласын құрамыз (ФОТО)

19 Қараша, 2015 13:19
ҚР Ұлттық мұражайында Тұңғыш Президент күнін мерекелеу аясында «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына 60 жыл толуына және тәуелсіз Қазақстан ғарышкерлеріне арналған «Жұлдызды жол батырлары» атты дөңгелек үстел өтті.

Құрамында Тәуелсіз Қазақстанның бірінші ғарышкері, ҚР авиациясының генерал-лейтенанты Талғат Мұсабаев пен қазақстандық ғарышкер, әлемнің 545-ші ғарышкері Айдын Айымбетов бар дөңгелек үстелге қатысушылар ҚР Ұлттық мұражайының көрме залдарын аралап, дөңгелек үстел қонақтарының сұрақтарына жауап берді. Дөңгелек үстелге мектеп оқушылары мен ЖОО студенттері, ұлттық ғарыш агенттігінің өкілдері мен ғалымдар, сарапшылар да бар.   Ғарышкерлер ҚР Президентінің елдегі ғарыш саласына қосып жатқан зор үлесін атап өтті.  

«Мемлекет басшысы ұлттық ғарыш саласын құру туралы міндет қойды. Біз Қазақстан Республикасының толыққанды ғарыш саласын құрамыз. Ол, әрине, Ресейдегідей, АҚШ-тағыдай, Қытайдағыдай үлкен болмауы керек. Олар ұлы державалар. Десек те, Байқоңыр секілді ғарыш айлағы бар біздің елде ғарыш саласын дамытпау дұрыс емес.  Бізде ғарыш қызметінің барлық бағыты бойынша кәсіпорындар құрылған, ондайлар бұрын болмаған еді. Бізде қазір бұған дейін Қазақстанда болмаған кадрлар дайындалуда. Бүгінде біз Қазақстан Республикасының 5 ЖОО-сында кафедралар аштық, олар ғарыш саласының мамандарын даярлауға кірісті», - деді Т. Мұсабаев.

Т. Мұсабаев Қазақстан қазіргі таңда ашық ғарыштағы төрт жерсерігімен мақтана алатынын айтып, дөңгелек үстел ұйымдастырғаны үшін ҚР Ұлттық мұражайына алғысын білдірді. 

Дөңгелек үстел қатысушылары өздерінің ғарышқа сапар барысындағы қызықты жайттарымен бөлісіп, барлық қазақстандыққа ары қарай даму мен ғарыш саласында ғана емес, басқа да барлық салаларда биіктерді бағындыра беруді тіледі.  

Суретке түсірген Бауыржан Жуасбаев

Барлық жаңалықтар