Арыста 24,7 шақырымға жуық жол жөнделді – ОҚО әкімдігі

19 Қараша, 2015 19:43
Арыс қаласында жыл басынан бері 25 көше орташа жөндеуден өтіп, 24,7 шақырым жол ел игілігіне берілді, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Оның ішінде келер жылға өтпелі 5 көшеге бүгінгі таңда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, кеңейіп, аяқжолдармен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, көшелер жарықтандырылып, суағарлар қойылуда. Айта кетейік, Арыс қаласында 173 көше бар.

Келер жылы тағы 19 жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда.  Қала мен ауылдардың орталықтарындағы барлық 98 көшеге тас төсеу, асфальттау және оларды жарықтандыру жұмыстарын 2017 жылы аяқтау көзделіп отыр. 

Мұнан бөлек, Арыстағы облыстық маңызы бар Ақдала мен Дермене ауылдық округтері арасындағы Қожатоғай-Сарыкөл жолындағы екі көпір күрделі жөндеуден өтіп, біреуі пайдалануға берілді.

Осы уақытқа дейін шешілмей келген Монтайтас ауылынан Сарыағаш ауданына баратын 35 шақырымдық автожолдың 25 шақырымы - теміржол үстінен өтетін аспа көпірге де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне қызмет етуде. Сонымен бірге, қаладағы Қабылсай жырасындағы екі көпір мен Монтайтас ауылдық округіндегі бір өткел күрделі жөндеуден өтіп, Қабылсайдағы бір көпір пайдалануға берілді. 

Барлық жаңалықтар