Сенат сот жүйесін жаңғырту туралы заңды Мәжіліске кері қайтарды

19 Қараша, 2015 11:02
Сенат сот жүйесін жаңғырту туралы заңды Мәжіліске кері қайтарды. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Жоғары Сот Кеңесі, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.

Заң жобасында судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарды қатаңдатуға бағытталған нормалар қамтылған.

Заң жобасы Елбасы айқындаған бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын атқару мақсатында әзірленген.

«Судьяның отставкаға шығауы үшін судьялық жұмыс өтілі он бес жылдан жиырма жылға ұлғайтылады. Сонымен қатар, Жоғарғы сот жанында Сот төрелігі академиясының жұмыс істеуі және Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриінің жаңа құрылымын құру көзделеді», - дейді Жоғарғы сот судьясы Ақылтай Қасымов.

Бұдан бөлек, заң жобасымен судьяның кәсіби қызметін бағалау белгіленеді. Мәселен, алғаш рет ол судья лауазымындағы бір жылдың нәтижелері бойынша, ал кейіннен әр бес жыл сайын жүргізіледі. Бұл ретте жиырма және одан да көп жыл судьялық өтілі бар судьялардың кәсіби қызметін мерзімді бағалаудан босатылады.

Заң жобасына талқылау барысында сенаторлар тарапынан бірқатар өзгерістер енгізу қажеттігі туындаған. Атап айтқанда, жоғарғы палата депутаттары судьялыққа кандидаттың жұмыс өтіліне қойылатын талаптарды түзетуді ұсынып отыр.

Сонымен қатар, сенаторлар Жоғарғы Соттың Төрағасы лауазымына кандидаттар үшін міндетті судьялық жұмыс өтілі туралы талаптарды алып тастау қажет деп санаған.

 

Барлық жаңалықтар