• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР Премьер-Министрі қазақстандықтарды жаңа экономикалық жағдайдың ұзақтығын қабылдауға шақырды

ҚР Премьер-Министрі қазақстандықтарды жаңа экономикалық жағдайдың ұзақтығын қабылдауға шақырды

18 Қараша, 2015 17:02
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қазақстандықтарды жаңа экономикалық жағдайдың ұзақтығын қабылдауға шақырды.

«Жағдайды пайдалана отырып, Елбасының аз уақыт аралығында бес институттық реформа төңірегіндегі үлкен заңнама топтамаларын қабылдағаны үшін Мәжіліс депутаттарына алғысын жеткізгім келеді. Келесі жылға дейін Үкімет осы заң негіздеріне сүйене отырып, қаулылар қабылдайтын болады, жаңа жылдан бастап жаңа құқықтық алаңдар аясында қызмет етуді қамтамасыз ету қолға алынатын болады», - деп атап өтті К. Мәсімов. 

Оның айтуынша, заң дер кезінде қабылданбаса онда табан астынан туындайтын қатерлерге уақытында ден қою да еш мүмкін емес. «Жалпы негізгі экономикалық саясаттың өзегіне келсек, бұл ретте ең бірінші кезекте 2007-2009 жылдардағы дағдарыстан қазіргі қалыптасқан дағдарыстың ерекшелігіне назар аударуға тиіспіз. Бүгінгі отырыста Елбасы біздің жаңа ақиқаттар кезеңін бастан кешіріп отырғанымызды атап өтті. Бұл біздің түсінігіміздегі дағдарысқа да ұқсамауы мүмкін, соның ішінде дүниедегі экономикалық шынайылық пен ақиқат өзгеріске ұшырап жатыр. Экономикасы соншалықты ауқымды емес біздер үшін Қазақстан өзгермелі экономикалық ахуалға бейімделіп, жаңа шынайылық жағдайында өмір сүруге көшуі керек», - деді Үкімет басшысы. 

Осы ретте Премьер негізгі экспорттық тауарларға, Қазақстанның мұнай мен басқа да шикізаттарына бағаның құлдырап бара жатқанын айтып, бұл әсіресе ағымдағы жылы әжептәуір төмендегенін атап өтті.

«Мемлекет өзінің реттеуші қызметін күшейтіп, халықтың аз қамтылған топтарын қорғауды өз мойнына алады. Нарықтық экономика жағдайында кәсіпорындар өз күнін өзі көріп, нарықтық жағдайға бейімделуі керек. Жасанды түрде кәсіпорындарды мемлекет тарапынан қолдау енді ауырлай түседі», - деді Үкімет басшысы.

 «Біз барлық баға бағыттары бойынша тарихи төменгі деңгейді бастан кешіріп отырмыз. Осыған орай, біз экономикалық саясатты бұған дейінгі дағдарыстармен салыстыра алмаймыз. Бүгінгі ахуал мейлінше ұзақмерзімді тренд болып отыр, сондықтан да осы ұзақмерзімді перспективаға дұрыс ден қоюға тиіспіз», - деді К. Мәсімов.

Барлық жаңалықтар