Д.Ақышев: ҚР Ұлттық банкі айырбас бағамының күрт өзгеруіне жол бермейді

18 Қараша, 2015 12:48
ҚР Ұлттық банкі айырбас бағамының күрт өзгеруіне жол бермейді, деп хабарлады Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Ақордадағы Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

«Бүгінде біз 2014 жылы мұнай бағасының төмендеуі мен ресейлік рублідің девальвацияға ұшырауға дейінгі көрсеткіштерге қайта қол жеткіздік. Жақын арада валюта бағамының өзгеру мүмкіндігі соншалықты көп емес. Көптеген жағымсыз сценарийлер шынайы өмірге айналып қойды.  Мұнай бағасы екі еседен көп шамада төмендеді, рубль де құлады», - деді Д. Ақышев.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы атап өткендей, барлық күш бағамды қалыптастыру процесіне тікелей араласуды азайтуға бағытталған.

«Егер мұнай бағасы барелліне 40 доллардан төмендесе  онда бағамды реттеу жүргізілуі мүмкін. Оның үстіне ресейлік рубль бағамы да мұнай бағасына тәуелді болғандықтан құнсызданатын болады. Алайда осыған қарамастан айырбас бағамының күрт өзгеруіне жол бермейміз», - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, Д. Ақышев, ағымдағы жылы инфляцияның жоспарланған 6-8 пайыздық дәлізі көтерілетінін атап өтті.

«Қазіргі уақытта, қазан айының соңында инфляция жылдық мәнде 9,4 пайызды құрады. 2005 жылдың тамызында еліміздегі инфляция деңгейі 5 пайызда төмен болған еді. 

Ұлттық банк басшысының есептеуінше, бұл жағдайлардағы біздің қазіргі міндетіміз тұрақты инфляцияны қамтамасыз ету және 2016 жылы оны барынша тезірек 6-8 пайыздық дәлізге келтіру.

«Бұл бағытта біз Үкіметпен бағалардың болжамды деңгейіне қайта оралуы үшін зор жұмыстар атқаруды жоспарлап отырмыз», - деп толықтырды Д.Ақышев.

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар