• Басты
  • Н.Назарбаев: ЭКСПО көрмесі отандық экономикаға және жаңа технологияларды игеру ісіне серпін бере алатын ұлттық жоба
17 Қараша, 2015 18:05

Н.Назарбаев: ЭКСПО көрмесі отандық экономикаға және жаңа технологияларды игеру ісіне серпін бере алатын ұлттық жоба

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Н.Назарбаев: ЭКСПО көрмесі отандық экономикаға және жаңа технологияларды игеру ісіне серпін бере алатын ұлттық жоба

Отырысты ашқан Мемлекет басшысы ЭКСПО көрмесі отандық экономикаға және жаңа технологияларды игеру ісіне серпін бере алатын ұлттық жобаға айналғанын айтты. Сондай-ақ көрме нысандарының құрылысы кестеге сәйкес жүріп жатқанын атап өтті, деп Ақордадан хабарлады.

«Көрменің ашылуына бір жарым жыл қалды. Барлық құрылыс жұмыстары келесі жылдың күзіне дейін аяқталуы тиіс. Күрделі экономикалық ахуалға қарамастан, біз көрмені дайындауға қажетті барлық қаражатты бөліп жатырмыз. Құрылысқа Қазақстанда мол жұмыс тәжірибесі бар мердігерлерді тарттық. Сондай-ақ Миландағы көрмені өткізу тәжірибесін тыңғылықты зерделедік. Сондықтан ЭКСПО-ны ұйымдастыру ісіне қатысты түсініксіз ештеңе жоқ», – деді Нұрсұлтан Назарбаев,

Қазақстан Президенті шығыстарды оңтайландыру мақсатында барлық әрлеу жұмыстарын отандық өнімдерді барынша пайдалана отырып жүргізу қажеттігіне назар аударды. Бұл мәселе айрықша бақылауға қойылды.

Мемлекет басшысы көрменің жарияланған тақырыпқа сай мазмұнмен толығуы мәселесіне назар аударды.

«Барлық жерде, шетелдерге сапар кезінде, елдердің лидерлерімен, ірі компаниялардың басшыларымен кездесулерде мен «ЭКСПО-2017» туралы айттым. Олардың бәрі алдағы көрмеге зор қызығушылық танытып, қатысуға дайын екендерін мәлімдеді. Осыны пайдалана білген жөн,» – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бұл бағыттағы жұмыстың жанданғанын айта келіп, әрі қарай жалғастыруды тапсырды.

«Ұлттық және трансұлттық компаниялардың әлеуеті мүлде пайдаланылып отырған жоқ. Бұл жалпықазақстандық іс болғандықтан, олар да көрмеге қатысуға тиіс. Жер қойнауын пайдаланушылардың барлығын тарту керек, олар да өз үлесін қосулары керек. Жер қойнауын пайдаланушы 39 компанияның тек екеуімен ғана ынтымақтастық туралы меморандумға және демеушілік туралы бір ғана шартқа қол қойылған. Бұл жеткіліксіз», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялармен жұмыс кезінде олардың беделін «ЭКСПО-2017» көрмесіне жаңа технологияларға ие Siemens, Samsung, Toyota сияқты және басқа озық компанияларды тарту үшін пайдалану керектігін айтты.

«Жер қойнауын пайдаланушылардың осындай компаниялармен жолға қойылған байланыстары бар, олардан миллиардтаған қаржыға жабдықтар мен технологиялар алады. Біз осы байланыстарды барынша пайдалануға тиіспіз. Жер қойнауын пайдаланушылардың әрқайсысы әлемдік брендтермен  «ноу-хауларының» алғашқы таныстырылымын біздің көрмеде жасауы керектігі жөнінде уағдаласқаны абзал. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев «ЭКСПО-2017» көрмесінің дайындығына Үкіметтегі жауапты тұлға ретінде осы мәселелермен айналысуға тиіс», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ең алдымен балама технологиялар саласындағы көшбасшы елдерді тарту қажеттігіне назар аударды.

«Қатысушылардың сандық құрамы маңызды, бірақ өздерін жаңа әзірленімдер саласында көшбасшы ретінде танытқан елдерді тарту мәселесі одан да өзектірек. Бұл мәселе Үкімет пен Сыртқы істер министрлігінің айрықша бақылауында болуға тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көрмеде Қазақстанның мәдениетін, тарихы мен дәстүрлерін көрсетудің маңыздылығын айтты.

«Отандық мәдениет қайраткерлерінің өнер көрсетуіне басымдық беру керек. Мәдени-думанды шаралар көрме аумағында ғана емес, бүкіл қалада өтуі қажет. Музейлер, көрмелер мен театрлар қонақтарды ең жоғары деңгейде қарсы алуға дайын болуы тиіс. Мәдени-думанды шаралар жоспары әлі күнге дейін келісілген жоқ. Барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді қызмет еткені керек, осы жұмысты жеделдетуді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев көрменің дайындығы мен өткізу жұмыстары кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің де мән-маңызына тоқталды.

«Көрмедегі бұқаралық шаралар кезінде қандайда бір келеңсіздіктерге жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдау қажет. Бұл шараларды бүгіннен бастап пысықтаған жөн. Арнаулы қызметтер мен құқық қорғау органдары қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз етуі тиіс. ІІМ, ҰҚК және «Сырбар» осы бағыттағы үйлесімді жұмысты жалғастыруға тиіс, елорданың және көрменің қауіпсіздігі осыған байланысты. Қауіпсіздік кеңесіне осы мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы көрмеге қатысушылар мен қонақтарға қолайлы жағдай жасап, көрмеге келудің тыңғылықты кестесін әзірлеу қажеттігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ өзге бағыттарды да, соның ішінде еріктілерді дайындау, өз отандастарымыздың көрмеге қолжетімділігін қамтамасыз ету жайын  тиянақты ойластыру керектігіне назар аударды.

Қазақстан Президенті Үкіметке барлық мәселені тиісті деңгейде үйлестіруді және жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы үнемі баяндап отыруды тапсырды.

Соңында Мемлекет басшысы алдағы көрме бүкіл қазақстандықтар үшін маңызды шара екеніне тағы да назар аударды.

«Әлемде дағдарыстық ахуал байқалып отыр, ол біздің елге де әсер етуде. Соған қарамастан, Қазақстан халықаралық көрмеге дайындықты, индустриялық саясат аясында жаңа нысандар салуды, жаңа жұмыс орындарын ашуды жалғастыруда. Бұл біздің экономиканың қарқыны мен мүмкіндіктерін көрсетеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңесте көрмеге дайындық пен Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы А.Есімов баяндама жасады. Ол көрме кешені құрылысына арналған шығыстарды оңтайландыруға айрықша көңіл бөлді. Атап айтқанда, компания құрылымын өзгерту аясында департаменттердің қызметі нақтыланып, басқарма төрағасының орынбасарлары мен басқарушы директорлар саны екі есе қысқарды. Бұл 150 миллион теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.  

А.Есімов кейбір сәулет-құрылыс жобаларын қайта қарау есебінен шығыстар көлемі 78 миллиард теңгеге азаятынын, бұл ретте жалпы сәулет келбеті мен нысандардың функционалдылығы сақталатынын атап өтті.

«Бюджет қаражатын мақсатқа сай пайдалану тиімділігіне айрықша назар аударылды. Қазақстандық қамту үлесін ұлғайту мен отандық кәсіпкерлерді тарту да үнемдеу шараларының бірі болып саналады. 10 өңірмен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, нәтижесінде 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған 220 отандық кәсіпорын құрылысқа тартылды. 30 миллиард теңгенің өнімі жеткізілді», – деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы. 

Сонымен қатар ұлттық компания басшысы көрме имиджін ілгерілету және оны тақырыптық жағынан толықтыру жұмыстарының барысы туралы да баяндады. А.Есімовтің атап өткеніндей, бүгінде 53 ел және 11 халықаралық ұйым көрмеге қатысатынын растаған.

Кеңес барысында сондай-ақ Энергетика министрі В.Школьник, Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов, Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Астана қаласының әкімі А.Жақсыбеков және мердігерлік ұйымдардың басшылары сөз сөйледі. 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды