• Басты
  • Жаңалықтар
  • Пан Ги Мун Қазақстанға тұрақты даму саласы бойынша БҰҰ-ны қолдағаны үшін алғысын айтты

Пан Ги Мун Қазақстанға тұрақты даму саласы бойынша БҰҰ-ны қолдағаны үшін алғысын айтты

16 Қараша, 2015 18:29
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған таяудағы жолдауларында Қазақстанға тұрақты даму саласы бойынша БҰҰ-ны қолдағаны үшін алғысын айтты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

«2030 жылға дейінгі кезеңдегі тұрақты даму саласындағы жаңа Күн тәртібін қорғауда және климаттың өзгеру мәселелерін шешудегі Қазақстанның тұрақты түрдегі қолдауын қуаттаймын.

Осыған байланысты Жоғары мәртебелі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Астанада жасыл технологияны дамыту мен инвестициялық жобалар жөніндегі Халықаралық орталық ашу жөніндегі бастамасымен құттықтаймын». Қазақстан Президенті Орталық құру туралы идеясын БҰҰ Бас Ассамблеясының 70 жылдық сесиясындағы Жалпы пікірсайыстар кезінде жария еткен болатын.

Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевқа БҰҰ-ның 70 жылдығына орай жылы шырайлы құттықтауы үшін, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік басылымдарда Ұйымға қолдау білдіріп сөйлеген сөздері мен жарияланымдары үшін алғыс айтты.

«Бейбітшілік, орнықты даму және адам құқықтары саласындағы біздің ортақ миссиямызды ілгерілету ісіне Сіздің беріктігіңізге ризамыз», - делінген жолдауда. «Сіздің құрметіңіз бен терең ойлылығыңыз мені тебірентіп жіберді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының уақытқа бағынбайтын құндылықтары біздің бағдарымыз болып қала беруі тиіс. Халықтарға қызмет ету үшін біздің күшімізді біріктіру» біздің ортақ міндетіміз болып табылады», - деп атап өтті Пан Ги Мун.

 

Барлық жаңалықтар