ИИДМБ: Алматыда құрама жем комбинаты іске қосылды

13 Қараша, 2015 20:04
Алматы қаласында «Алтын диірмен» Корпорациясы» АҚ құрама жем комбинаты іске қосылды, ол Қазақстан бойынша ірі құрама жем өндірушілерінің 3-тігіне кіреді. Комбинат жылына 120 мың тонна өнім шығаруға есептелген, деп хабарлады әкімдік.

2016 жылы кәсіпорын 2 млрд. теңгеге, ал 2017 жылы – 4 млрд. теңгеге өнім шығаруды жоспарлап отыр.

Аталған кешеннің жұмысы бүкіл Алматы облысының қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, «Алтын диірмен» Корпорациясы» АҚ өнім шығару үлесі Қазақстанның құрама жем өндірісінің жалпы көлемінің 17,5%-ын құрайды.

Кешеннің алаңы 3,4 гектарды құрайды. Кәсіпорында 60 жұмыс орындары құрылды. Ондағы орнатылған «Buller» швейцария фирмасының жабдығы бүгінгі күні алдыңғы қатарлы және жоғары технологиялық жабдық болып табылады. Барлық өндірістік үдерістер автоматтандырылған.

Айта кетерлік жайт, корпорацияға ұн тарту комбинатының, нан зауытының, кондитерлік цехының, етті қайта өңдеу кешенінің және макарон фабрикасының кіреді.

Алматы қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін дамыту Бағдарламасының шеңберінде қала басшыларының қайта өңдеу  өнеркәсібі саласында бәсекеге қабілетті жаңа кәсіпорындар құру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп отырғанын, сонымен қатар Алматы облысы ауылшаруашылығы тауар өндірушілерімен бірге, қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін атап өтеміз.

Аталған жұмыс барысында «Агробизнес-2020» Бағдарламасы бойынша «Алтын диірмен» Корпорациясы» АҚ-на көмек көрсетіледі. Жоба Алматы қаласының Индустрияландыру картасына енгізілді және өңдеу өнеркәсібі саласындағы басым жобалардың бірі болып табылады.

Барлық жаңалықтар