• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ұлттық банк «М. Ғабдуллинге 100 жыл» және «ЕАЭО» естелік монеталарын шығарды

Ұлттық банк «М. Ғабдуллинге 100 жыл» және «ЕАЭО» естелік монеталарын шығарды

13 Қараша, 2015 15:34
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2015 жылғы 13 қарашадан бастап «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» монеталар сериясынан номиналы 500 теңгелік, «рroоf» сапалы күмістен және номиналы 50 теңгелік нейзильбер қоспасынан «М. Ғабдуллинге 100 жыл» ескерткіш монеталарын, сондай-ақ номиналы 500 теңгелік, «рroоf» сапалы күмістен Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істеуіне бір жыл толуына арналған «Еуразиялық экономикалық одақ» ескерткіш монеталарын айналысқа шығарады.

Ұлттық банк хабарлағандай,  2015 жылы Кеңес Одағының Батыры, академик, қоғам қайраткері, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толады.

«М. Ғабдуллинге 100 жыл» күмістен және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың сырт жақтарындағы бейнелер бірдей. «Рroof» сапалы күміс монеталардағы бейне жылтыр бетке салынған.

«Монеталардың сырт жағында (реверсінде) оң бөлігінде Мәлік Ғабдуллиннің бейнесі орналасқан. Портреттің сол жағында мемлекеттік тілдегі «100 ЖЫЛ» деген жазба бар. Айналдыра мемлекеттік тілде «МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН» деген жазба және соғылған жылын білдіретін «2015» деген сан орналасқан», - делінген Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Күміс монеталардың бет жағында (аверсінде) жоғары бөлігінде бес рет бұралып өрнектелген сегіз бұрышты розетканың және мемлекеттік тілдегі «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» жазбаның қоршауында Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген жазба орналасқан. Номиналдан солға қарай монетаның массасын білдіретін «24 g» деген жазба, оң жағында монета дайындалған металды және оның сынамын білдіретін «Ag 925» деген жазба бар. Монетаны айналдыра моншақ тәріздес тізбек жүргізілген.

Нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың бет жағында (аверсінде) жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Елтаңба бейнесінен оңға қарай «ҚҰБ» аббревиатурасы орналасқан. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «50 ТЕҢГЕ» деген жазба орналасқан. Номиналдан солға және оңға қарай ұлттық ою-өрнектің элементі бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазба бар.

Монеталардың бет жағындағы және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерленген, айналдыра шығыңқы жиек.

 

Барлық жаңалықтар