Бейжің қаласында «Қазақстанның Қытайдағы достары клубы» құрылды (ФОТО)

13 Қараша, 2015 10:39
Бейжің қаласында Қазақстан-қытай ынтымақтастық комитетінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің 8-ші отырысы және сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялары өтті, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан делегациясын ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов, қытай делегациясын ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Чэн Гопин басқарды.

Кіші комитеттің отырысы барысында тараптар қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы қазақстан-қытай ынтымақтастығы, өзекті халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ алдағы жұмысының жоспарын талқылады. Отырыстың қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды.

Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар барысында тараптар «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасымен ұштастыру, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі, консулдық саладағы ынтымақтастық сұрақтарын талқылады.

2015 жылы мамырда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға және тамызда ҚР Президенті Нұрсултан Назарбаевтың Қытайға сапарларының нәтижелері ерекше аталып өтті.

Сыртқы саяси ведомстволарының өкілдері тұрақты түрде өткізілетін өзара консультациялар Қазақстан мен Қытайдың жан-жақты стратегиялық әріптестігін ілгерілетуге мүмкіндік беретін маңызды тетік екенін айқындады.

Сонымен қатар, сапар барысында ҚХР Мемлекеттік туризм басқармасы төрағасының орынбасары Ли Шихунмен және Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының Қытай коммунистік партиясы Тұрақты комитетінің мүшесі Ғанибет Сәбкейұлымен кездесуі өтті. 2017 жылғы Қытайдың Қазақстандағы туризм жылын өткізу, Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмеге Қытайдың туристерін тарту және туризм саласындағы келісім-шарттық базаны ұлғайту мәселелері талқыланды.

Сол күні Бейжіңде Қытайдың іскерлік және ғылыми орталарының өкілдері мен мәдениет және өнер қайраткерлерінен тұратын «Қазақстанның Қытайдағы достары клубының» құрылтай жиналысы және де «Біз және Сіз: Қытай мен Қазақстанның аңыздары» кітабінің тұсаукесу рәсімі өтті.

ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігімен ұйымдастырылған Қытайдың қоғамдық және саяси топтарында үлкен ден қойдырған, іс-шараларға ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Чэн Гопин, ҚХР СІМ бұрынғы тұрақты министрінің орынбасары Тянь Цзэнпэй, ҚХР-дың ҚР-дағы тұңғыш елшісі Чжан Дэгуан қатысты. 

Барлық жаңалықтар