• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астана көлік-логистикалық орталығының іске қосылуы 850 жаңа жұмыс орнын ұсынды (ФОТО)

Астана көлік-логистикалық орталығының іске қосылуы 850 жаңа жұмыс орнын ұсынды (ФОТО)

12 Қараша, 2015 18:17
Бүгін Астанада шілде айында пайдалануға берілген заманауи көлік-логистикалық орталығының мультимодальды қызметінің толық циклы іске қосылды.

«Мемлекеттік транзиттік әлеуетін жүзеге асырып, логистикалық біліктілікті арттыруда, ұлттық көлік-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастырып, оны жаһандық желіге интеграциялау үшін ішкі және сыртқы терминал желісі ерекше маңызға ие. Қазақстанның ірі қалаларында көлік-логистикалық орталықтардың ішкі желісін құру халықаралық санаттағы заманауи қоймаларға сұранысты қанағаттандыруға, көрші мемлекеттерді қамтитын дистрибуция орталықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді», - дейді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вице-президенті Қанат Алпысбаев.

Оның айтуынша, ішкі және сыртқы терминал желісін құру бағдарламасы аясында Қазақстанның ірі қалаларында көлік-логистикалық орталықтары салынады. Биылғы жылдың соңына дейін Шымкент қаласында осындай орталықтың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Көлік-логистикалық орталықтар, сондай-ақ, Ақтөбе, Павлодар, Алматы, Орал, Атырау, Ақтау, Қостанай, Семей қалаларында ашылады. Осылайша, облыс орталықтарында жүкті сақтауға, қайта өңдеуге және шоғырландыруға бағытталған хаб құрылады. Өңірдегі ірі логистикалық орталықтар Астанадағы орталық хабпен «сәулелік қағида» бойынша байланысып отырады.

Орта Азиядағы «А» класты ең ірі көлік-логистикалық орталық Астанада биылғы жылдың шілде айында іске қосылды. Ол Қарағанды-Астана республикалық магистралінің бойында орналасқан. Оның аумағында 29 мың шаршы метр құрғақ қойма, 13 мың шаршы метр климаттық қойма мен 25 мың шаршы метр дистрибуттық орталық және 70 мың шаршы метр контейнер алаңы салынған.

«Шетелден келген тауарларды қоймамызда сақтап, оларға кедендік қызмет көрсетіп, оны өңдеп, әрі қарай Еуропаға және басқа шет мемлекеттерге жөнелтеміз. Климаттық қоймада 22 камера бар, оның 5 камерасында тропикалық жеміс-жидекті ұзақ мерзім сақтап, оны қазақстандық азаматтарға жақсы бағамен жеткізуге мүмкіндік бар. 2016 жылы қойманы 100 мың шаршы метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Екінші кезеңде екі ғимарат салынады. Контейнерлік терминалда автоматтандырылған жүйе толығымен есеп жүргізіп отырады», - дейді «Continental Logistis» ЖШС қойма басшысы Асылбек Құлтаев.

Оның айтуынша, қоймалардағы тауар сақтау сөрелері, температуралық режим барлық талаптарға жауап береді. Жаңа технологияларды қолдану жүкті тиеп-түсіру операцияларын жылдамдатуға, жылына 1 млн тонна жүк өңдеуге мүмкіндік береді. Логистикалық орталықта жүкті теміржол құрамдарына автокөліктерге және керісінше тиеп-түсіру жұмыстары ұйымдастырылған.

Көлік-логистикалық орталық арқылы жүкті дистрибуциялаудың алғашқы операциясының ашылу салтанатына Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков, ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығы, көлік, дистрибюттік, брокерлік компаниялардың өкілдері, қазақстандық және шетелдік өнім өндірушілер қатысты.

 

 

Барлық жаңалықтар