• Басты
  • Жаңалықтар
  • ОҚО-дағы ауыл шаруашылығының халықаралық көрмесіне 10 елдің 70 компаниясы қатысуда

ОҚО-дағы ауыл шаруашылығының халықаралық көрмесіне 10 елдің 70 компаниясы қатысуда

12 Қараша, 2015 10:04
Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында «AgriTekShymkent 2015» ІV халықаралық мамандандырылған ауыл шаруашылық көрмесі өтуде, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Көрменің ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы Б.Атамқұлов ауыл шаруашылығы саласы - Оңтүстік Қазақстанда экспорттық әлеуетке ие негізгі салалардың бірі болып табылатынын айтты.

«Статистикалық деректерге сәйкес облыста өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерінің үлесі республикада өндірілетін мұндай өнімдердің жалпы көлеміне шаққанда мақта-мата 100 пайыз, жүзім 70, бақша дақылдары 64, сафлора 38, жеміс-жидек 36, көкөністер 23 пайызды құрайды», - деді облыс әкімі.

Төртінші рет ұйымдастырылып отырған бұл көрмеге әлемнің 10 елінен 70 компания қатысуда. Атап айтсақ, Қазақстан, Түркия, Ресей, Германия, Израиль, Испания, Италия, Нидерланды, Сербия және Украинаның ауыл шаруашылық техникалары мен жабдықтары, қосалқы бөлшектері, суару және тыңайтқыштар технологиялары, жылыжай, тұқымдар мен көшеттер, тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары, жануарларға арналған технологиялар мен ветеринарлық технологиялар ұсынылуда.

Халықаралық көрмені ұйымдастырудың басты мақсаты шетелдік және аймақтық аграрлық-өнеркәсіптік кешен саласында тәжірибе мен жаңа технологиялармен алмасу. Сонымен қатар, бірлескен бизнес-жобаларды жүзеге асыру болып табылады.

Үш күнге жалғасатын шара аясында құрылған іскерлік қатынастар республиканың оңтүстік аймағында ауыл шаруашылығын дамытудың дәстүрлі құралына айналады деп сенеміз.

 

 

Барлық жаңалықтар