• Басты
  • «Нұр Отан» партиясында дуальдік білім беруді дамыту мен ТжКБ ұйымдары түлектерін жұмысқа тұрғызу мәселелері талқыланды

«Нұр Отан» партиясында дуальдік білім беруді дамыту мен ТжКБ ұйымдары түлектерін жұмысқа тұрғызу мәселелері талқыланды

12 Қараша, 2015 09:32
«Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партиялық куратор Г.И.Исимбаеваның Сайлауалды тұғырнаманың «Білім беру және ғылым» бағытындағы сарапшы тобының отырысы өтті, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

Шара барысында партия кураторы Г.Исимбаева партиялық тұғырнаманы іске асырудағы соңғы 3,5 жылда көрсеткіштердің жоспарға сәйкес орындалып жатқанын атап өтті. Айталық, партия тұғырнамасында дуальдік білім беруді енгізіп жатқан колледждер санын арттыру қарастырылған. 2013 жылмен салыстырғанда, ағымдағы жылы мұндай колледждер саны 176-дан 348-ге, яғни, 2 есеге өсті. Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірлерінде кәсіби техникалық колледждер құрылуда. 

Сонымен қатар, ол қатысушыларды дуальдік білім беру мәселелерінің бірқатары реттелген «Білім туралы» Заң жобасындағы жаңалықтармен таныстырды. Атап айтқанда, дуальдік білім беру ұғымы нақты айқындалып, үрдіс қатысушыларының үш жақты жауапкершілігі қарастырылған. Яғни, теориялық және өндірістік баулудың көлемі, кәсіби даярлықтың 60- ын құрайтын кәсіпорындарда кәсіби практикадан өту, сондай-ақ, еңбек нарығы сұранысына қарай қалыптастырылатын мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырыс беру қарастырылды.

ҚР БҒМ деректеріне сүйенсек, жыл басынан бергі жұмысқа тұрғызылған техникалық және кәсіби білім беру мекемелері түлектерінің үлесі 63,7%. Сондай-ақ, жыл сайын 100 мың түлектің 60-тан 70%-ға дейінгі көлемінің жұмыспен қамтылатыны атап өтілді.

Елді кең көлемде индустриаландыру үшін техникалық салаға білікті мамандар қажет. Осы мақсаттың аясында, Елбасы екі жылдың көлемінде дуальдік-техникалық білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыруды тапсырды. Мысалы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Н.Б.Алтаевтың атап өтуінше, палата тарапынан аталған жүйені ендірудің Жол картасы әзірленген. Яғни, өндірістік баулу үшін 993 келісім шарт жасалып, 15 600 білімгер 1077 кәсіпорында тәжірибе жинайды. Кәсіпорын кадрларының біліктілігін көтеру жұмыстары жүргізілуде.

Алайда, бұл мәселеде бірқатар түйткілдер бар. Бұл нарық қажеттілігін ескерместен мамандар даярлау, кәсіби стандарттар мен біліктілік талаптарына қатысты салалық әдістеменің жоқтығы, біліктілік бекітудің бірыңғай жүйесінің жоқтығы, кәсіпорындардың төмен мотивациясы мен дуальдік білім беру үрдісіне аз тартылуы.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Б.Нұрымбетовтың айтуынша, еңбек нарығында жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныстың арасында теңгерімсіздік бар. Яғни, тек сандық қана емес, сапалық тұрғыда да бар. Бұл білім беру жүйесі мен өндірістің арасындағы өзара байланыстың әлсіздігін білдіреді. Еңбек нарығының дамуы болжамына сәйкес, алдағы 5 жылда ең жұмыспен қамтылатын мамандықтар: құрылыс, қаржы және сақтандыру қызметі, мейрамхана және қонақүй ісі, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет, сауда, білім беру және т.б. 5 жылдық мерзімде кәсіпорындарда білікті мамандарға деген қажеттілік те артады.

ҚР Инвестиция және даму министрі Р.С.Ошақбаевтың сөзінше, индустриаландырудың екінші бесжылдығы аясында (2015-2019 жылдар) 466 жоба іске асырылады деп күтілуде. Яғни, 60 мың уақытша, 50 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Техникалық сала мамандары – операторлар, машинашылар, жүргізушілер, монтажшылар, механиктер, жинақтаушылар, аппаратшылар ең сұранысты мамандықтар болады. «Нұрлы жол» инфракқұрылымдық даму бағдарламасының аясында 395,5 мың жұмыс орны ашылады.

«Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары В.В.Тельновтың ұйымдастыруымен жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіби білім беру орындары түлектері ойларының сәйкестілігі бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындылары жарияланды. Зерттеулер нәтижесі бойынша, жұмыс берушілердің 40%-ы «техникалық және кәсіби білім беру орындары түлектері теориялық білімдерін арттыру керек» деп санайды. Сұралғандардың үштен екісі «болашақ мамандардың практикалық даярлық деңгейін жақсарта түсу керек» деп санайды.

Талқы қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, ҚР Үкіметіне жолданатын болады

Барлық жаңалықтар