• Басты
  • Жаңалықтар
  • Денсаулық сақтау министрлігінің міндеті – 2020 жылға қарай өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту

Денсаулық сақтау министрлігінің міндеті – 2020 жылға қарай өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту

12 Қараша, 2015 09:14
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың басшылығымен ҚР ДСӘДМ-де ағымдағы жылдың 9 айындағы денсаулық сақтау жүйесі қызметінің қорытындысы бойынша алқа мәжілісі өтті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Министр Т.Дүйсенова  медициналық-санитарлық алғашқы көмекті жетілдіру мен аурулардың алдын алуға бағытталған отандық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бар күш-жігерді салу керектігін атап айтты.

Ағымдағы жылдың 9 айындағы денсаулық сақтау саласы қызметінің қорытындысы туралы ҚР ДСӘДМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің өкілдері баяндады. Сонымен, 2015 жылдың 9 айындағы ана өлімінің көрсеткіші тірі туған 100 мың адамға шаққанда 11-ді құрады. Бұл 2014 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 6,7%-ге төмен болып отыр (11,8). Сәби өлімі 6,7%-ға төмендеп, 2015 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 100 мың туылғандарға шаққанда  9,5-ті құрады (2014 жылдың 9 айында – 9,9).

Сонымен қатар, Министр ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында медициналық қызметкерлер алдында 2020 жылға қарай Қазақстан Республикасы тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту міндеті тұрғанын айтты.

«Оны жүзеге асыру үшін кешенді және жүйелі іс-шараларды қарастыру қажет. Сондықтан, жыл аяғына дейін әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар аурулар: миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру бойынша арнайы іс-шаралар алгоритмін жасауды тапсырамын. 1 қаңтардан бастап жұмысты осы алгоритмдерді қолдана отырып жалғастыратын боламыз», - деді жиын соңында Тамара Дүйсенова.

Министрдің тапсырмасы бойынша жоғарыда аталған іс-шаралар жоспарын жасау үшін ҚР ДСӘДМ, ведомствоға бағынысты ұйымдар мен республика аймақтарындағы денсаулық сақтау басқармаларының мамандарынан тұратын бірнеше жұмыс топтары құрылды.

 

Барлық жаңалықтар