• Басты
  • Жаңалықтар
  • К.Мәсімов: Қазақстан ЕАЭО-ға саяси астары жоқ экономикалық жоба ретінде қолдау көрсетеді

К.Мәсімов: Қазақстан ЕАЭО-ға саяси астары жоқ экономикалық жоба ретінде қолдау көрсетеді

11 Қараша, 2015 20:08
Астанада ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Еуразиялық аймақтың дамуының шешуші мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналған Астана клубының отырысына қатысты, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты.

Іс-шараға АҚШ, Ресей, Қытай, Түркия, Иран, Еуропалық одақ елдері және өзге де мемлекеттерден саясат, экономика, халықаралық қатынастар саласындағы әлемнің 50-ден астам жетекші сарапшылары қатысты. Отырыс қатысушылары аймақтың дамуына әсер ететін өзекті мәселелерді талқылап, халықаралық күн тәртібі бойынша пікір алмасты.

К.Мәсімов өз сөзінде атап өткнедей, Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев әлемнің барлық мемлекеттерімен көпвекторлы және бейбіт қарым-қатынастарды дамытуға атсалысып келе жатыр.

Премьер-Министр Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құру идеясын Елбасы 1994 жылы ММУ-де оқыған лекциясында жариялағанына баса назар аударды. 

«Қазақстан бұл жобаны қолдайды, бірақ оған прагматикалық және практикалық тұрғыда, экономикалық жоба ретінде ғана, саяси астары жоқ жоба ретінде қараймыз. Осы мәселе бойынша біздің ұстанымыз осындай», - деп баса айтты ол. 

Сонымен қатар, Қазақстан үшін «Бір белбеу, бір жол» атты қытай бағдарламасын жүзеге асыруға қатысу маңызды. «Қазақстан ҚХР-мен осы бағдарламаны жүзеге асыруда екі жақты, сондай-ақ көп жақты форматта ынтымақтастық орнатуға мүдделі», - деп толықтырды Үкімет басшысы.

«Қазақстан Еуропалық одақпен өзара қарым-қатынасты жалғастырып, әрі қарай тереңдетуге мүдделі. Ресми жағы тәмам, енді үстіміздегі жылдың желтоқсан айында ЕО-пен ілгері серіктестік туралы Келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз. АҚШ-пен қарым-қатынасымыз о бастан ерекше және оны осы бағытта жалғастырамыз», - деп атап өтті К.Мәсімов.

ЕАЭО пен «Жібек жолының Экономикалық белдеуінің» өзара мүмкін іс-қимылы жайлы сауалдарға жауап берген К.Мәсімов мұны қандай форматта істеуге қатысты түрлі пікірлер барын айтты. «Мұны елдер арасында екі жақты форматта жасаған дұрыс деген пікір бар, сонда шешімдер тез қабылданады. Мұны ЕАЭО мен ҚХР деуге болады деген де пікір бар. Алайда, оның аясын одан да кеңейтуге болады деген пікір де қалыптасып отыр», - деп түсіндірді К.Мәсімов.

Сондай-ақ, сарапшылар Қазақстанның одан әрі экономикалық дамуы мәселелеріне қызығушылық танытты.

Кәрім Мәсімов 1991 және 2000 жылдар аралығында мемлекет нарықтық экономиканы құруға және алғашқы нарықтық институттарды қалыптастыруға күш салғанын еске салып өтті.

«Ол кезде жағдай тіптен күрделі болды, бірақ Елбасымыздың басшылық етуімен экономиканың жұмыс жасауына негіз қаланды», - деп айтып өтті К.Мәсімов.

2000 жылдан бастап 2014 жылдың жазына дейін 2008-2009 жылдардағы қаржылай дағдарысты қоспағанда, Үкімет басшысының пікірінше, Қазақстан экономикасы үшін өте жағымды болды, себебі барлық экспорттық тауарлардың бағалары тұрақты өсіп тұрды. Осының нәтижесінде Ұлттық қорда айтарлықтай қаражат жиналып, көптеген әлеуметтік мәселелерді бюджет есебінен шешу мүмкін болды. 

«Менің ойымша, бұл кезең аяқталды. Өз пікірімше, біз шикізаттық ресурстарға төмен бағалардың ұзаққа созылатын кезеңіне келдік, сондықтан экономикалық саясатқа түзетулер енгізуіміз қажет», - деді К.Мәсімов.

Осы түзетулердің ішінде ол Қазақстанның ЭЫДҰ-ның толық құқылы мүшесі болуы туралы принциптік шешімін ерекше айтып өтті. Яғни, республикада жүргізілетін реформалар осы Ұйымдағы елдердің үздік әлемдік тәжірибесіне сәйкес болуы тиіс.

К.Мәсімов ағымдағы жылы Мемлекет басшысы бес институционалдық реформа жүргізу және оларды жүзеге асыру бойынша 100 қадам бастамасын алға тартқанын айтты. Оған қоса, барлық қажетті заңнамалық базаны қабылдау аяқталып қалғанын, 2016 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан осы реформаларды жүргізудің практикалық имплементациялау кезеңін бастайтынын Үкімет басшысы баса айтып өтті.

«Бағалар жоғары және ақша көп болған кезеңде реформаларды жүзеге асыру іс жүзінде мүмкін емес, себебі кез келген мәселені ақшамен «жаба салуға» болады, ондай жағдайда қандай да бір реформа жүргізуге ықылас та болмайды. Осы энергия тасымалдаушылардың бағасы төмен кездегі «алтын уақытты» реформалар жүргізуге пайдаланған жөн», - деп есептейді К.Мәсімов.

«Қазіргі заман, менің түсінуімше, бізге көптеген «тосын сыйлар» жасауда және 10 жыл бұрын көз алдыңа елестету қиын болған Шығыс Еуропадағы қарбаластық немесе Таяу Шығыстағы соғыстың қайта өршуі заманауи шындықты және Қытайда айтқандай «жаңа қалыпты жағдайды» қалыптастыруда. Осы мәселелерге сай жауап беріп, әрекет етуіміз керек», - деп түйіндеді ҚР Премьер-Министрі.

Бұл іс-шараны ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы қоры және Әлемдік экономика және саясат институты ұйымдастырды. Клубтың серіктестері жетекші зерттеу орталықтары болды: Қытай заманауи халықаралық қарым-қатынастар академиясы, Сыртқы саясат жөніндегі Герман кеңесі (DGAP), Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесі және Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қоры.

Барлық жаңалықтар