• Басты
  • Жаңалықтар
  • Шығыс Қазақстан облысында 2017 жылға қарай екі концессиялық аурухана салу жоспарлануда

Шығыс Қазақстан облысында 2017 жылға қарай екі концессиялық аурухана салу жоспарлануда

11 Қараша, 2015 17:08
Облыстық маслихаттың кезекті сессиясында концессияның орташа жылдамдатылған кезеңіне ұсынылатын нысандар тізімі бекітілді. Олар 2015-2017 жылдар аралығын қамтитын Өскемен қаласындағы көпсалалы аурухана мен Семей қаласындағы балалар ауруханасының құрылысы және оларды пайдалануға беру, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Өскемен қаласында 300 төсектік көпсалалы аурухана мен Семей қаласындағы 200 төсектік балалар ауруханасын салу үшін техникалық-экономикалық негіз бен сараптаманың оң қорытындысы бар. Ғимараттар орналасатын жер телімдері де анықталған: Өскемен қаласында – 19 шағын аудан, ал Семей қаласында – Мичурина көшесінің бойы. Жақын уақытта 2017 жылы денсаулық сақтау нысандарын пайдалануға беретін концессионерлерді іздеуге байқау жарияланатын болады.

Жалпы құны 21 млрд теңгені құрайтын ауруханалар ВТО-ны іске асыру немесе Құрылыс-Тапсыру-Пайдалануға беру кестесі бойынша салынатын болады.

Аталмыш екі концессиялық жобаны жүзеге асыру облыс әкімі Даниал Ахметовтың ерекше бақылауында.

Айта кетсек, Шығыс Қазақстан облысында концессиялық келісім аясында Өскемен және Семей қалаларында жалпы саны 11 балабақша салу жобасы тиімді жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, Еуропалық қайта құру және даму банкімен тығыз байланыс орнатылуда. Бүгінде ЕҚДБ құны 20 млрд теңгені құрайтын 5 жобаға қолдау көрсетіп отыр. Бұл қаржыға Өскемен және Семей қалаларының сумен қамту және су өткізу жүйелерін жаңғырту көзделіп отыр. Сонымен қатар, осы қалаларда көше шамдарын, электрқуатын үнемдейтін шамдарға ауыстыру жоспарлануда. Оған қоса, Семей қаласында жылумен қамту жүйесін жаңғырту бойынша бірқатар жобалар іске асырылатын болады.

 

Барлық жаңалықтар