Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ ПА Бас хатшысымен кездесті

10 Қараша, 2015 16:23
Қазақстан Республикасы Парламентінің СенатыСенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Оливер Спенсермен кездесті, деп хабарлады ҚР Сенаты.

Қ.Тоқаев Бас хатшы өкілеттігі мерзімінің таяуда аяқталатынына байланысты Ассамблеяның игілігіне көп жылғы нәтижелі жұмысы үшін О.Спенсерге алғыс айтты.

Жүздесушілер 40 жыл бұрын жасалған Хельскинки қорытынды актісінің, ең алдымен, ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер басшылыққа алуға тиісті негізгі қағидаттар жөніндегі бөлігінің халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңыздылығын атап өтті. Қ.Тоқаев еуропалық қауіпсіздікті нығайту және Ұйым қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар әзірлейтін ЕҚЫҰ «Даналар тобындағы» өзінің қызметі туралы әңгімеледі.

О.Спенсер Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жылы Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Астанадағы тарихи Саммитін әзірлеуде, сондай-ақ 2010 жылы тұңғыш Трансазиялық парламенттік форумды өткізудегі Ассамблея мен Қазақстан арасында табысты іс-қимылды жылы шыраймен еске алды.

Кездесу соңында Қ.Тоқаев 2016 жылдың ортасында өтетін «Дін терроризмге қарсы» тақырыбымен халықаралық конференциясына ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясын қатысуға шақырды.

Сол күні Сенат Төрағасы Сингапур СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Билахари Каусиканды қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Сингапур ынтымақтастығының өзекті мәселелері туралы пікір алмасылды. Қ.Тоқаев Сенаттың Сингапурмен парламенттік ынтымақтастықты одан да үдету ниетін жеткізді, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы Парламенттің жоғарғы палатасы қабылдаған заң туралы хабардар етті.

Барлық жаңалықтар