• Басты
  • ҚР ДСӘДМ жаңа Еңбек кодексінің нормаларын түсіндіруде

ҚР ДСӘДМ жаңа Еңбек кодексінің нормаларын түсіндіруде

10 Қараша, 2015 16:07
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық қызметшілерінің еңбекақысын төлеу жүйесінің жаңа үлгісі енгізіледі. Аталған үлгіде азаматтық қызметшілерді біліміне, біліктілігіне, атқаратын қызметінің күрделілігі мен дәрежесіне қарай төрт санатқа бөлу көзделген, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жаңа кодекстің нормаларын таныстыру барысында.

«Бірінші санатқа ұйымның даму стратегиясы үшін жауап беретін және басқару шешімдерін қабылдайтын басқарушы персонал блогы (A блогы). Аталған блогқа ұйым басшылары мен басшылардың орынбасарлары, ұйымдардың бағыну деңгейіне тәуелді (республикалық, облыстық, аудандық) құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен басшылардың орынбасарлары кіреді», - деді ол.

Оның айтуынша, екінші блок  - бұл ұйымның негізгі функцияларының іске асырылуын қамтамасыз ететін, негізгі персонал блогы (B блогы). 

«Бұл блогқа дәрігерлер, мұғалімдер, ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік қызметкерлер, ЖОО оқытушылары және ұйымның негізгі функцияларын орындайтын басқа да қызметкерлер кіреді. Аталған қызметкерлер үшін үш қызмет саласы: «Денсаулық сақтау» «Білім беру» және «Өзге де салалар» бойынша лауазымдық жалақыларды саралап есептеуді енгізу ұсынылады», - деп түсіндірді министр.

Үшінші блок - әкімшілік-құқықтық және шаруашылық функцияларын орындайтын әкімшілік персонал блогы (C блогы). Лауазымдардың аталмыш блогы заңгерлерді, есепшілерді, экономистерді, аудармашыларды, шаруашылық қызметінің меңгерушілерін және т.б. қамтиды. Ал, төртінші блок – ол қосалқы және техникалық функцияларды іске асыратын қосалқы персонал блогы (D блогы). Бұл блогқа іс қағаздарын жүргізушілер, архивариустер, кассирлер, коменданттар мен хатшылар жатқызылады.

Анар Тәңірқұлова

Барлық жаңалықтар