Н.Шұғаев: Астана әуежайы 2016 жылдың қысқы навигациясына дайын (ФОТО)

10 Қараша, 2015 15:18
Астана әуежайының өндірістік-диспетчерлік қызметінің бастығы Нұрлан Шұғаев ғимараттағы баспасөз конференциясында әуежайдың 2016 жылдың қысқы навигациясына дайындығы туралы хабарлады және қыс мезгілінде ұшақтарға қызмет көрсету ерекшеліктерімен бөлісті.

«Астана халықаралық әуежайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сапарларды реттеу мақсатында 2015-2016 жылдың күз-қыс мезгілдері бойынша жоспарлы дайындық шараларын өткізілді. Оның аясында аэродром мен әуе кемелеріне қызмет көрсету бойынша жер үстіндегі арнайы техникаға тексеріс жүргізілді», — деп хабарлады Н.Шұғаев.

Оның айтуынша, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аэродромның жасанды жабындысына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, барлық қажетті техникалар жаңғыртылып, қалпына келтірілді.

«Жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жылу режимін сақтап қалу бойынша барлық шаралар қолға алынды», — деп атап өтті ол.

Қыс мезгілінде әуе кемелеріне мұздың қатуы басты проблема болып табылады. Осы ретте Астана әуежайының жұмысшылары ұшақтарға мұз қатпау үшін қандай сұйықтықпен сүртетінін экскурсия барысында көрсетті.

Естріңізге сала кетейік, Астана әуежайы мен «Air Astana» компаниясы күзгі-қысқы жұмыс істеу режиміне 2015 жылдың 25 қазанында көшті, бұл 2016 жылдың 26 наурызына дейін жалғасатын болады.

Барлық жаңалықтар