• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Халықаралық Бакалавриаттың негізгі мектебі бойынша авторизацияны алды

Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Халықаралық Бакалавриаттың негізгі мектебі бойынша авторизацияны алды

10 Қараша, 2015 15:51
Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Халықаралық Бакалавриаттың Негізгі мектебі бойынша авторизациясын алды, деп хабарлады мектептің баспасөз қызметі.

2013 жылдың мамырында Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі  Халықаралық Бакалавриат ұйымының Негізгі мектеп бағдарламасы бойынша (Middle Years Programme) кандидат мектебі мәртебесіне ие болып, авторизацияны алу үшін тынымсыз еңбек етті.

Мектеп ұжымы оқу бағдарламаларын жетілдіріп, Халықаралық Бакалавриаттың философиясы мен қағидаттарына сәйкес мектептің қалыптасуы мен дамуы үшін сүбелі үлес қосты. Бүгінде мектеп ұстаздарының бірлескен жұмысының арқасында діттеген мақсатқа қол жеткізілді.

Негізгі мектеп ұстаздары Халықаралық Бакалавриаттың стандарттары мен талаптарына сәйкес оқу бағдарламаларын әзірлеп, апробациядан өткізді. Оның ішінде еліміздің басқа мектептерінде оқытылмайтын жаңа пәндер де бар.

Мектеп келесідей 8 пәндік топты дамыту бойынша жұмыс жүргізді: тіл мен әдебиет, тілді меңгерту, математика, гуманитарлық ғылымдар, нақты ғылымдар, дизайн, өнер, дене шынықтыру және денсаулық сақтау білімі

Бағдарлама мектепте ұсынылған Халықаралық Бакалавриаттың Дипломдық бағдарламасына өзіндік дайындықты қамтамасыз етеді.

Басқа халықаралық мектептердің мұғалімдерімен алмасу жобасы да оң жолға қойылған. Мұғалімдермен алмасу жобасы ұстаздардың шетелдік мектептерде тәжірибе алмаса  отырып,  біліктіліктерін шыңдауға, Халықаралық Бакалавриаттағы үздік тәжірибені қолданып жүрген білім ошақтарының тыныс-тіршілігімен танысуға бағытталған.

Аталмыш жобаның мақсаты – халықаралық үздік тәжірибені енгізу арқылы білім беруді жетілдіру, зерттеу, сыни және шығармашылық ойлау дағдыларына незіделген оқытуды үйрену үшін жергілікті және халықаралық ұстаздар арасында тәжірибе алмасуды ынталандыру.

Халықаралық Бакалавриаттың жұмыс ерекшелігіне сәйкес кадрларды дайындау барысында халықаралық сарапшылардың қатысуымен Қазақстанда және шет елдерде семинарлар, тернингтер, тілдік курстар ұйымдастырылды. Мұғалімдер өздерінің кәсіби дағдыларын жан-жақты дамытып,  онлайн курстардан өтіп, өзге халықаралық мектептермен тәжірибе алмасты.

Оқу бағдарламасынан басқа мектеп әкімшілігі ұйымдастыру жұмыстарын оң жолға қойды. Атап айтар болсақ, мектеп құжаттарын авторизацияға әзірлеу, басқару жүйесін жетілдіру, оқыту аудиторияларын, кабинеттер мен кітапхананы жабдықтау және т.б.

Айта кетер болсақ, 2013 жылы Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі авторизациялаудан сәтті өтіп, Халықаралық Бакалавриаттың  Бүкіләлемдік  мектебі мәртебесін алды. Енді Негізгі мектеп бағдарламасы бойынша авторизациядан өтті.

Халықаралық бакалавриат ұйымы – әлемдегі беделді үкіметтік емес ұйымдардың бірі. Оны  1968 жылы Швейцарияда жетекші сарапшылар құрды. Оның басты мақсаты барлық мемлекеттерге ортақ унвиерситеталды білім берудің эталонын құру. Бүгінде аталмыш бағдарлама әлемнің 143 елінің 3,5 мың мектебін, 1,5 миллион оқушының басын біріктіріп отыр. 

Барлық жаңалықтар