ҚР-да 2020 жылға дейін 70 мыңға жуық кәсіпкерді оқыту жоспарлануда

10 Қараша, 2015 12:01
ҚР Парламентінің Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Шағын және орта кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

Жобаның жүзеге асырылуы кредиттік желі шеңберінде кредиттелетін шағын бизнес субъектілерінің өкілеттілігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.Шағын және орта кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін жоғарлатуға бағытталған жобаның құны 46 млн. АҚШ долларын құрады.

«Мұның ішінде сыртқы қарызды бірлесе қаржыландыру есебінен республикалық бюджеттен 6 млн. АҚШ доллары, сыртқы қарыз есебінен 40 млн. АҚШ долларын бөлу есептелген. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2019 жылды қоса есептегенде 5 жылға белгіленіп отыр», - деп хабарлады ҚР  ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов заң жобасын таныстыру барысында.

Оның айтуынша, бағдарлама шеңберінде төрт бағыт айқындалған. Біріншіден, шағын және орта кәсіпкерліктің әлеуетін дамыту. Бұл ретте шағын және орта бизнеске ұсынылатын мемлекеттік қолданыстағы қаржылық емес қолдауды, олардың мазмұнының сапасын және ұсынылу тетігін жақсарту, озық халықаралық тәжірибені енгізу және хабардарлықты жоғарылату арқылы жақсарту мен кеңейту жоспарлануда. Институционалды әлеуетті жоғарылату, жоспарлау және қаржылық емес қолдауды ұсынуды басқару жүйелерін дамыту стратегиясы әзірленетін болады. Жалпы, 2020 жылға дейін 70 мыңға жуық кәсіпкерді оқыту жоспарлануда.  

«Екіншіден, бәсекеге қабілетті секторлардағы шағын және орта кәсіпорындар арасындағы өзара байланыс орнатылады. Осыған орай, шағын бизнестің ірі жергілікті және Қазақстанда қызметін жүзеге асыратын халықаралық корпорациялармен нарықтық байланыстарын кеңейту жататын, жеткізушілерді дамыту қызметін құру жоспарлануда. Үшінші бағыт бойынша бағдарламалардың шағын және орта кәсіпкерлікке әсерін бағалау қамтылады. Төртіншіден, кәсіпкерлер үшін тауарлар, жұмыстар және қызметтер сатып алу операцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін факторингті енгізу мүмкіндігін бағалау іске асырылатын болады», - дейді вице-министр.

Анар Тәңірқұлова

Барлық жаңалықтар