• Главная
  • 2015 жылы ҚР ҚК офицерлерінің аттестатталу нәтижелері 20 %-ға жақсарды (ФОТО)
10 ноября, 2015 12:19

2015 жылы ҚР ҚК офицерлерінің аттестатталу нәтижелері 20 %-ға жақсарды (ФОТО)

ҚР Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлерінде офицерлер құрамының аттестатталуы аяқталды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
2015 жылы ҚР ҚК офицерлерінің аттестатталу  нәтижелері 20 %-ға жақсарды (ФОТО)

2015 жылы Құрлық әскерлерінің кадрлық органдарымен 60-тан аса аттестаттау комиссиясының жұмысы ұйымдастырылды, олардың отырыстарында бір жыл бойы 5,5 мыңнан аса офицер қаралды.

Аттестаттау барысында офицерлердің анағұрлым маңызды кәсіби тұстары, өзінің мамандығын, техника мен қару-жарақты, тактика негіздері мен жедел өнерді білуі, дене дайындығы, сондай-ақ жеке және моральдық-іскерлік қасиеттері бағаланды. 

«Аттестаттау нәтижелері жалпы алғанда, біздің офицерлер құрамының күнделікті және оқу-жауынгерлік қызметке құзыретті басшылық жасауы үшін қажетті дайындық деңгейлері бар екенін көрсетті», - деді аттестаттау нәтижелерін қорытындылау барысында Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасы кадрлар басқармасының бастығы полковник Мейірбек Нұрбаев.  

«Аттестаттау қорытындысы бойынша 70%-дан аса офицер жоғары лауазымға ұсынылуға және оқуға түсуге лайық деп танылды.  Бұл 20%-ға дерлік 2012 жылғы алдыңғы аттестаттау нәтижелерінен асып түседі. Бұдан басқа, 32363 және 27943 әскери бөлімдерінің базасында алғаш рет аттестаттау бойынша нәтижелер мен қорытындыларды автоматты түрде өңдей отырып, сараптамалық баға беру жүйесінде негізделген офицерлердің аттестатталуы сынамадан өткізілді. Бұл жүйенің негізінде барлық әскери қызметшілердің қызметін бағалау бойынша жұмыс болашағы жатыр», - деді ол.

Аттестаттау қорытындысы бойынша офицерлердің 3%-ы ғана атқарып отырған лауазымдарына сәйкес емес деп танылды.  Олар өздерін анағұрлым жақсы жағын көрсете алатын басқа лауазымдарға ауыстырылды, ал бірқатар жауапсыз офицерлер теріс себептермен Қарулы Күштер қатарынан босатылды. 

«Менің ойымша, аттестаттаудың басты нәтижесі әрбір офицерге өзінің кәсіби дайындығы мен қызметтік тыныс-тіршілігінде қандай аспектілер бойынша жұмыс жасау, қандай бағытта жетілдірілу, шыңдалу қажет екендігі дербес көрсетілді. Одан басқа, барлық әскери қызметшілерге кәсіби, іскерлік, моральдық және психологиялық қасиеттерін, қызметтік тәжірибелерін, қабілеттіліктерін, бейімділіктерін және қызығушылықтарын негізге ала отырып, оларды әрі қарай қолдану перспективасы анықталды. Бұл барлық офицерлердің кәсібилігін арттырудың кепілі болуы тиіс», - деді полковник Мейірбек Нұрбаев.

«Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес офицерлер құрамы әр 3 жыл сайын жоспарлы аттестаттаудан өтетінін айта кетейік.