Қ.Тоқаев Болгария Халық Жиналысының Төрағасымен келіссөз жүргізді

9 Қараша, 2015 17:14
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға болгар парламентшілерінің делегациясымен келген Болгария Республикасы Халық Жиналысының Төрағасы ЦецкаЦачевамен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Жүздесушілер Қазақстан мен Болгарияның өзара іс-қимылы төңірегіндегі ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты. Қ.Тоқаев Қазақстан Парламентінің Мәжілісі мен Болгария Халық Жиналысының арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуына қолдау білдірді. Төрағаның айтуынша, Қазақстан Сенатында қызмет ететін Болгариямен ынтымақтастық тобы екі ел арасындағы көп жоспарлы ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ететін болады.

Қазақстан парламентіндегі заң шығару ісіндегі басымдықтар туралы айта келіп, Қ.Тоқаев Сенат таяу уақытта Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын іске асыруға бағытталған «100 нақты қадам» ауқымды Ұлт жоспарын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жөніндегі негізгі жұмыс кезеңін аяқтайтынын хабарлады. Осыған байланысты Сенат Төрағасы Қазақстандағы бизнес үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктерге болгар тарапының назарын аударды.

Қ.Тоқаев «Дін терроризмге қарсы» тақырыбы бойынша өтетін халықаралық конференцияға болгар парламентшілерін қатысуға шақырды. Конференцияны 2016 жылдың ортасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің аясында өткізу жоспарланды. Съезд Хатшылығының отырысы осы форуммен бір мезгілде болады. Ц.Цачева Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты белсенді дамытуға Болгарияның әзір екенін атап өтті.

Болгар парламентінің төрағасы парламентаралық үнқатысуды одан әрі нығайту үшін Қ.Тоқаевты Софияға сапармен келуге шақырды. Болгар парламентшілерінің Астанада болу бағдарламасының едәуір бөлігі іскерлік байланыстарды дамытуға, инвестициялар алмасуға жәрдемдесуге, туристік және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты өрістетуге бағытталды. Ц.Цачева Астанада өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне Қазақстанмен өзара сауда-экономикалық іс-қимылды нығайтуға ықпал ететін Болгарияның жеке экспозициясын орналастыру ниеті туралы айтты.

 

Барлық жаңалықтар