• Басты
  • Жаңалықтар
  • ШОБ: Ақтөбе облысында жыл басынан бері мемлекеттік қолдау аясында 32 жоба жүзеге асырылды

ШОБ: Ақтөбе облысында жыл басынан бері мемлекеттік қолдау аясында 32 жоба жүзеге асырылды

9 Қараша, 2015 19:24
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында жыл басынан бері ШОБ саласында 104 млн теңгеге 32 жоба жүзеге асырылды, деп хабарлады «Атамекен» ҚР ҰКП.

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының  басшылығы мен шағын және орта бизнес өкілдерінің кездесуі бұл жолы Ырғыз ауданында өтті.

Айта өтейік, Ырғыз ауданы аймақтағы шалғайда орналасқан аудандардың бірі. Алайда осыған қарамастан жергілікті жұрт бизнеспен белсенді айналысып келеді. Кәсіпкерлердің бизнесті дамыту бойынша мүмкіндіктері зор, оның үстіне аудан Қостанай, Қарағанды және Қызылорда облыстарымен шекаралас болып келеді.

Қазіргі таңда ауданда 500-ден астам шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Олар 842 млн теңгенің өнімін өндіріп,  қызметін көрсетті. Ауданда дүкендер ашылуда, мал шаруашылықтары мал басын көбейтуде. Жергілікті кәсіпорындарға жобаларын жүзеге асыруға аймақтағы Кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсетіп келеді.

«Жалпы, 2015 жылы кәсіпкерлер палатасының қолдауымен 104 млн теңгеге 32 жоба, оның ішінде 18-і «ЖҚЖК - 2020», 6-уы «Сыбаға», 3 жобадан  «Кәсіпкер» және «Құлан»  бағдарламалары арқылы жүзеге асырылды», - деп атап өтті Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов.

Айта кетерлік жайт, аймақта инфрақұрылымдардың төмен дамуына және логистиканың ашылу деңгейіне қарай ірі өндіріс ошағын ашу экономикалық тұрғыда дұрыс емес.

Шара барысында жаңадан кәсібін бастаған кәсіпкерлерге кеңестер беріліп, мемлекеттік бағдарламалар таныстырылды.

 

Барлық жаңалықтар